«Кинематография туралы» заңға «Қазақфильм» киностудиясын қолдауға бағытталған өзгеріс енгізілді. Қаржыландырудың ашықтығын арттыру мақсатында жобаларды іріктеу тәсілдері қайта қаралып, идеологиялық тұрғыдан маңызы жоғары тақырыптарға басымдық берілді. Былтыр мемлекет қолдауымен 16 ұлттық фильм түсірілді. Оның ішінде 7 фильм 34 халықаралық марапатқа ие болды. Мұны бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті. Ол еліміздің барлық мәдениет және өнер саласының қызметкерін кәсіби мерекесімен құттықтап, кино саласындағы жетістіктерге тоқталды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Прокаттағы отандық фильмдердің үлесі 22,97%-ға, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19,76%-ға жетті. Түркі мемлекеттерінде өткен Қазақстан киносы күндері аясында «Қазақ хандығы», «Дос-Мұқасан», «Набат операциясы», «Паралимпиец» фильмдері көрсетілді. Алматыда өткен XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде 11 елден 50 фильм ұсынылды. Кинопрокат саласына қатысты мәліметтерді жинақтауға арналған «E-Кино» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. 2025 жылы анимациялық, деректі және көркем фильмдер өндірісіне 357 өтінім келіп түсті, олардың барлығы сараптамалық бағалаудан өтуде.