Елордада театрлардың жай-күйі талқыланды

  • 34
  • 20.05.2025, 18:47

Мәдениет қызметкерлері форумының екінші күні театрлардың жай-күйін талқылауға арналды. Шетелден және өңірлерден келген мамандар өнер ордаларының бүгіні мен болашағын сөз етті. Елдегі театрлардың аяқ алысы қандай? 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Кешелі бері Қаллекидегі дәл осы зал қызу пікірталасқа толы. Мұнда түрлі панельдік сессиялар мер семинарларда сала мамандары театрлардың бүгіні мен болашағын талқылауда.

Ербол Қабылбеков, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры:

- Бұл үлкен ауқымды шара. Күн сайын технология жаңарып жатыр, күн сайын жаңалықтар шығып жатыр. Сол жаңалықтардың аясында біз де тасада қалмайық деп мәдениет қызметкерлерін жинап, осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. 

Айта кетейік, Қалибек Қуанышбаев атындағы театр биылдан бастап ұлттық театр мәртебесін алды. Сондай-ақ өнер ордасындағы декорациялық жұмыстарға жасанды интеллект элементтері енгізілмек. 

Гүлсина Мейірғалиева, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Театрдың ішінен лаборатория ашылды. Лаборатория актерлерді басқа қырынан ашады. Режиссураға қабілеті бар актерлерді анықтайды.

Сағаділдә Үсіпәлі, театр және кино актёрі:

- Қытайдың қойылымдарының өзі түрлі-түрлі галограмма, сахнадағы аттың шауып бара жатқаны, осындай қойылымдарға таңғалып жүр.  Оны неге бізде де жасамасқа? Сахнада арнайы эффектілер жасалып жатқаннан кейін заманауи заманнан қалмау керек. 9Д, қазір 7Д деген қойылымдарды көріп жатырмыз ғой. Осыны неге адамдардың орындықтарына дейін, сахнадағы  дірілге дейін, бәрін неге олар сезініп отырмасқа? 

Мемлекет басшысы биылғы Құрылтайда еліміздегі театрлардың дамуына баса мән беру керектігін айтқан болатын. Бұл ретте мамандар ең алдымен, жас қызметкерлердің әлеу­мет­тік тұрғыдан қамтамасыз етілуін түбегейлі шешкен дұрыс екенін айтады. 

Александр Майер, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының директоры:

- Маман тапшылығы мәселе болып отыр. Әсіресе жарық қоятын, дыбыс қоятын мамандар тапшы. Бір жағынан оларға қойылған жалақы да мардымсыз. Театрда барлық мамандар біріккен кезде ғана жақсы қойылым шығады. Бір жағы жоқ болса, олқы тартып тұрады. Сондықтан театрдың дамуы күш салуымыз керек.   

Құралай Жұмахан, тілші:

- Адамзаттың рухани байлығысың – театр, 

Үркер үміт, арманның айбынысың – театр!

Қасиетті қазақтың ар-намысы – театр, 

Жанартаудай жаңғырып, жаса мәңгі – театр!

Құралай Жұмахан, Айбек Ақшолақов