Арқалықта он жылдан астам қаңырап бос тұрған мәдениет сарайы қалпына келтіріліп жатыр. 7 мың шаршы метрді алып жатқан үшқабатты ғимарат әбден тозған. Сондықтан бастан-аяқ жөндеп шығу біршама уақыт пен қомақты қаражат қажет етеді.
Арқалық қаласындағы жалғыз мәдениет үйі 1973 жылы салынған. 2009 жылы күрделі жөндеуге жабылып, содан қараусыз қалған. Қабырғалары жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр. Мәдениет сарайының директоры Зәмзәгүл Мергенова бұрын мына залдың сахнасының өзі кең болатын, - дейді.
Зәмзәгүл Мергенова, мәдениет сарайының директоры:
- Жалпы бұл залға 550 орындық орналасады. 550 көрермен сахнаны тамашалай алады. 350 үстіңгі жақта болса, 150 орын мынау төмен жақта орналасқан.
Арқалықта жүзден аса өнер ұжымдары бар. Жеке мәдениет үйі болмағандықтан, олар әр жерде дайындалады.
- Біздің оркестр гуманитарлық колледждің залында дайындалып жатады. Хор жаңағы инстииут пен колледждің залдарында жеке-жеке дайындалып, бізде біріккен хор ғой. Олардың сосын театрдың бір кестесіне кіргізіп, сол кезде ғана басын қосамыз. Бишілеріміз басқа кешеннің залында дайындалып жатады.
Жалпы ғимаратты жөндеу жұмыстары 2023 жылы қолға алынған. Тапсырыс беруші қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Мердігермен арада келіспеушілік туындап, жобалық-сметалық құжат қайта қаралып, жөндеу жұмыстары айлап тоқтаған кездер болған. Мәдениет үйін жөндеуге бөлінген 1 млрд 99 млн тенгенің 684 млн-ы игерілген.
Жайнар Әубәкірова, Арқалық қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- 100 пайызға жылу жүргізілген. Терезелері түгел қойылған. Электр жабдықтары түгеліндей. Ең ауыр жұмыстары бітіп тұр. Шарт бойынша 31 шілдеге дейін аяқталуы керек. Ары қарай ұзартыла ма, ол жағын шартқа сәйкес қарастырамыз.
Арқалық қаласының өнер ұжымдары Мәдениет үйіне тамыз айында кіреміз деп үміттеніп отыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг