Астанада Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достық аллеясы ашылды

  • 145
  • 28.05.2025, 18:35

Ғасырларға жалғасқан достық. Қазақстан мен Ресейдің мәдениет саласындағы байланысы нығая түсті. Екі елдің шығармашылық және ғылым интеллегенциясының өкілдері дөңгелек үстел басында кездесіп, музей ісі, кино, театр өнері, кітапхана және білімдегі қарым-қатынасты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ елорда төрінде Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достық аллеясы ашылды. Маңызды іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей мәдениет министрі Ольга Любимова қатысты.

Қазақстан мен Ресей байланысын мәдениет саласында нығайтудың мүмкіндігі мол. Ұлттық музейде өткен дөңгелек үстел барысында бұл туралы кеңінен айтылды. Тараптар музей, театр, өнер саласында қарым-қатынасты арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың да маңыздылығын атап өтті.

Эльза Антонова, «Роскино» АҚ бас директоры:

- Ресей кино өнері қазақ көрермендері арасында үлкен қызығушылық туғызатынын білеміз. Сондай-ақ тамызда болатын ТМД кино күндері аясында біз Ресейде қазақ киносының күндерін ұйымдастыратынымызды айтқым келеді. Себебі өткен жылдарда ресейліктердің қазақ киносына деген жоғары ынта-ықыласын көрдік. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында біз бірлескен жобалар туралы да айттық.

Ал қала ортасында Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достық аллеясының ашылуы көрші екі мемлекет байланысының маңыздылығын айғақтай түседі. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова мұндай іс-шара қос елдің әріптестігі мен өзара түсіністігін нығайта түсетінін атап өтті. Аллеяның ашылу салтанаты барысында алдағы жұмыс-жоспарлар туралы да айтылды.

Кристина Трубинова, А.Бахрушина атындағы Орталық театр музейінің бас директоры:

- Қазақстан мен Ресей арасында мәдени диалог өтті. Бұл өте қуанышты жағдай. Бүгінгі кездесуде жылы, жайлы қарым-қатынас орнатқанымызға 25 жыл болғаны аталып өтті. Екі елдің достық пен түсіністікке негізделген мәдениет саласындағы жобалар туралы да айтылды.

Іс-шара «Астана Опера» театрында Қазақстан мен Ресей өнер иелерінің концертіне ұласты. Бағдарлама барысында қазақ халық әндерінен өзге, орыс классикасы, еуропалық опера шырқалды. Бұл да ғасырларға жалғасқан мемлекетаралық қарым-қатынастың бір көрінісі.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Саметов