8-ші қарашада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Испанияның Барселона қаласында алғашқы жеке концертін өткізеді. Іс-шараға байланысты әнші мен оның тобы Испанияның мәдени астанасында баспасөз мәслихатын өткізіп, жанкүйерлердің сұрағына жауап берді.
Сүйікті әншісін көру үшін Испанияның өзін айтпағанда Канада, АҚШ, Италия, Франция мен Бельгияның қалаларынан тыңдаушылар ағылды. Олар кездесуде қазақтың біртуар ұлына ізгі тілегі мен ыстық ықыласын білдіріп жатты. Қазақтың ұлттық киімін киіп келгендер көп. Барселона қаласындағы жеке концерті Еуропадағы «Stranger» турының бір бөлігі. Іс-шара аясында әнші Лондон, Берлин және Ригада да өнер көрсетеді.
Рейчелл, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері:
- Димаштың өнерімен танысқаныма 5-6 жыл уақыт өткен шығар. Содан бері жанкүйеріне айналдым. Әсіресе осы «Дударай» әні ерекше жаныма жақын. Бүгін әншінің өзіне шырқап бердім, қатты толқыдым.