Ертең мұсылман баласының ұлық мейрамы Құрбан айт басталады. Мұхаммед Пайғамбар бұл күндері Аллаға ұнамды, ең сүйікті амал құрбан шалу екенін жеткізген. Еліміздің барлық өңірлерінде құрбандық шалатын арнайы орындар әзірленді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы азаматтарға ыңғайлы болуы үшін qurban.muftyat.kz сайтын да іске қосты.
Онлайн құрбан шаламын деушілерге арналған сайт міне, осы. Құрбандыққа шалатын мал түрін таңдап, сатып аласыз. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 кісі бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе, ұялы телефоныңызға хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс берушінің нөміріне жіберіледі.
Мақсатбек Қайырғалиев, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры :
-Нарықтағы бағаны біз анықтадық. Орташа бағасын енгіздік. Әр өңірде өзінің бағасы. Мысалы, Астанада 85 мың болатын болса, Оңтүстікте 100 мыңның шамасы. Шамамен 20 келі ет береді. Әдетте үшке бөледі. Біз бүйрегін, бауырын, іш құрылысын, басын ұйытып оны да халыққа түгел таратып жатырмыз. Былтыр 35 мың мал сойылып, 136 мың адамға таратылыпты.
Сайтта көрсетілген бағаның ішіне малдың құны, қасапшының ақысы, бас ұйытуы мен қарын тазалау және етті мұқтажарға жеткізу қызметі де кіреді. Ескеретін жайт құрбандыққа, мүйізі не аяғы сынған, соқыр, ақсақ, жараланған және ауру мал жарамайды. Сондай-ақ белгілі жасқа толған болуы шарт.
Мақсатбек Қайырғалиев, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры:
-Ұсақ мал бір жылға толуы керек. Ірі қара екі жылға, түйе 5 жас аралығында болуы керек. Кейбір қойлар ірілігі, семіздігі жағынан бір жылға толмаса да беретін еті бір жылдық қой сияқты болса, оны союға рұқсат. Бірақ сиыр мен түйеде ол қатаң сақталуы керек жас.
Құрбан шалу кезінде тазалыққа да үлкен мән беру қажет. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін еліміз бойынша 60 мал сою орны белгіленген. Астанада олар «Жайлау», «Баракат» Алаш тас жолы сияқты мал базарларының маңында орналасқан.
Осы базарлардың біріне біз де бардық. Ердәулет Ілесбек құрбан айтқа деп арнайы 100 бас қой әкеліпті.
Ердәулет Ілесбек, кәсіпкер:
-Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме 5-6 жыл болды. Былтыр 60-65 болған малдар, биыл 70-75-80 мың теңгеге дейін барып жатыр. Халық қымбаттады деп ойлайды. Бірақ баға сол қалыпты, килограмына сай, салмағына сай.
Өзбекстанда да Құрбан айт мерекесіне дайындық қызу. Базарларда қайнаған халық. Көбі малды базардан бірер күн бұрын сатып алып, қам жасауда.
Өзбекстандағы баға біздің елге қарағанда қымбат. Жақсылық Жорықбаев мына қошқарды саудаласа келе,180 мың теңгеге сатып алғанын айтады.
Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласының тұрғыны:
- Құрбандыққа сойылатын малдың құлақтары кесілмеу керек. Дені сау болу керек. Өзі арық болмау керек. Соған мына қошқарды таңдадық. Үштен бірін туған-туысқа, тағы бір бөлігін жағдайы төмен жандарға, қалғанына ел жұртты шақырып, батасын аламыз.
Айта кетейік, Құрбан айт намазы ертең еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі және орталық өңірлерінде таңғы сағат 6-да басталады. Ал шығыс пен бастыс аймақтарда 6,5, 7 кезінде оқылады. Құрбан айт үш күнге созылады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов