Меккеде үлкен қажылық басталды

  • 131
  • 05.06.2025, 18:54

Қасиетті Мекке жерінде үлкен қажылық басталды. Мұсылман күнтізбесі бойынша «Зүл хижжа» айында жасалатын құлшылыққа жер жүзінен 1,5 млн адам жиналды. Соның 4,5 мыңы Қазақстаннан барған. Елден қасиетті мекенге ұзақ жолды артқа тастап, көлікпен жеткен отандастарымыз да бар. Олар Меккеге Құнанбай баба ізімен Абай өңірінен аттанған. Биыл бес парыздың біріне баланған рәсімдер маусымның 4-і мен 7-сі аралығында толығымен атқарылып бітеді.  Басты құлшылық Арафат жазығында және Құрбан айт күні Қағба маңында орындалады. Ел азаматтарын толғандырған сауал мен жүріс-тұрысына қатысты мәселелерді шешуге мүфтият мамандары мен арнайы мекемелер көмектесіп жатыр. Осы күні Сауд Арабиясында күндізгі ауа температурасы 40 градусқа дейін ысып тұр. Былтыр көрсеткіш 50 градустан асқан. Сынап бағанасының шамадан тыс жоғарылауына байланысты Сауд Арабиясының үкіметі құлшылық жасаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 40-қа тарта мекеме мен 250 мың маманды жұмылдырған.

Жәнділлә Бекжігітов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі:

-Қазіргі таңда Қазақстан қажылық миссиясының қадағалап, ұйымдастыруымен қажылардың жеке бас қауіпсіздігі бақылануда. Көмек көрсетілуде. Кеңестер берілуде. Сонымен қатар дәрігерлер тобының көмегімен медициналық та көмек көрсетілуде. Үлкен қажылық маусымын ойдағыдай атқарады деген ойдамыз.