Елордадағы «Жастар» сарайында 500-ден астам жеткіншек есеп беру кешін өткізді

  • 68
  • 06.06.2025, 18:57

Астана аспаны әнге бөленді. «Жастар» сарайына жиналған 500-ден астам балдырған ән айтып, домбыра шертіп, сурет салып, мәз-мейрам. Олар өзара додаға емес, өнер айдынында еркін жүзуге келгендей.

Бұл «Даму бала», «Арт спорт» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тегін түрде түрлі үйімелерге қатысатын балалардың есеп беру кеші. 

Ибадуллаевтар отбасындағы 5 бала да өнерден құр алақан емес. Бірі домбыра шанағынан күй төксе, бірі әуелете ән салады, ал үйдің кіші баласы былғары қолғаппен дос. 13 жастағы Дана болса мемлекеттік бағдарламамен бірнеше үйірмеге қатысып жүр. 

Дана Ибадулла, «Нәзік» би ансамблінің бишісі:

- Мен фортепиано, актерлік шеберлік және бимен айналысамын. Қазіргі кезде көбінесе балалар телефонда отырады және бос уақытты пайдаланбайды. Менің ойымша, бос уақытта балалар өнермен айналысу керек. Өнердің берері көп. Өнер біздің жаңа қырларымызды ашуы мүмкін. 

Ирина Подскочая, ата-ана:

- Мемлекет балаларды, өнерді қолдап отырғаны қуантады. Себебі бір үйде бірнеше бала болса, оның бәрін ақылы үйірмеге беруге шама келмейді. Ал қазір көп бала тегін түрде өз қабілеттерін дамытып отыр. Менің де балам мемлекеттік бағдарлама арқылы шығармашылығын шыңдауда. Қорытынды кешіне келіп, марқайып отырмыз. 

Мамандар қазір балалардың өнерге деген қызығушылығы күннен күнге артып келе жатқанын айтады. Тіпті өздерінің ебін біліп, қай саланы жаны қалайтынын айтып отырады.

Айдана Нұрланқызы, Балаларды жан-жақты дамыту орталығының меңгерушісі:

- Осыдан 6 жыл бұрын небәрі 20-30 баладан тұратын шағын ғана ансамбльден бастаған болатынбыз. Қазір 500-ден астам бала жаттығады. Біздің орталықта ұлттық би, сурет, актерлік шеберлік, эстрадалық вокал бағыттарымен балалар тәрбиеленіп жатыр. 

ГауҺар Исмаилова, педагог-хореограф:

- Менің өзімде әр түрлі бағытта 4 топ бар. Кішкентай балалар пластикалық бағытта жұмыс жасайды, ортаңғы және үлкен топтар халық-сахналық би бағытында жұмыс жасайды. Одан кейінгі бір тобым заманауи би бағытында. Ең бірінішіден, физикалық тұрғыда бала өте мықты болады. Одан кейін дене бітімі, өз-өзіне деген сенімділігі мықты болуға тәрбиелейді.

Қазақ руханиятының абызы Шерхан Мұртаза «Театр көбейсе, түрме азаяды» демей ме?! Яғни өскелең ұрпақты өнерге баулу ең игі іс. 

Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов