Димаш Құдайбергенді үлгі тұтатын 8 жасар бала желі жұлдызына айналды

  • 42
  • 17.06.2025, 15:39

Алматыдағы Арбатта ән салған 8 жастағы Әділ Бектұрсын әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Димаш Құдайберген орындайтын «Любовь уставших лебедей» әнін шырқаған жас талант талайға таңдай қақтырды. Ғаламторда кеңінен таралған видеоны 2 миллионнан астам адам қараған.  

Арбаттағы адамдарды аузына қаратқан Әділ Бектұрсын үш жасынан ән айта бастаған. «Бес жастан вокалға қатысқан жас талант әлеуметтік желі арқылы танымал боламын»,– деп ойламапты. Алғаш рет Астана көшесінде ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленген. Кейін Алматы арбатындағы көше әншілерінің микрофонын алып, Димаш Құдайбергеннің күрделі композиясын керемет орындапты. 

Әділ Бектұрсын, қала тұрғыны:

- Маған Димаш ағамның әндері ұнайды. Жүрегіме жақын, неге екенін білмеймін, бірақ айта бергім келеді. Димаш ағаммен бірге өлең айтқым келеді. 

Әділ қазір Құрманғазы атындағы музыка мектебінің вокал сыныбында оқиды. Қосымша фортепиано үйреніп жүр. Өмірде ұялшақ болғанымен, сахнаға шыққанда жігерлене түседі екен. Осыған дейін көптеген қалалық, республикалық байқауларға қатысып, 50-ден аса жүлделі орын алған. Димашпен ән айтуды армандайтын талантты баланың мақсаты – опера әншісі болу.  

Мақпал Тұрысбекова, Әділ Бектұрсынның анасы:

- Кішкентайынан мен осы баламның өнер жолында болғанын қалаған шығармын. Өйткені баламды өнерге қатты баулыдым. Операның музыканты боламын, композитор боламын деп өзі сондай кішкентай болса да алдына қойған мақсаты бар.

Димаш Құдайбергенді үлгі тұтатын Әділ Ескендір Хасанғалиевтің де әндерін жақсы көреді. Жазғы демалысында жаңа әндерді жаттап жүр. Әділ арманына жету үшін музыкалық білімін тереңдетіп, шеберлігін шыңдай бермек.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов