Алматыға Қалибек Қуанышбаев театры гастрольдік сапармен барды

  • 36
  • 20.06.2025, 18:43

Елорданың Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Алматыға гастрольдік сапармен барды.

Театр ұжымы көрерменге өз репертуарындағы таңдаулы спектакльдерін ұсынып отыр. Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Бомаршенің «Фигароның үйленуі», «Кешкі 7», Бюхнердің «Войцегі» сахналанады. Қойылымдар Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 22-ші маусымға дейін көрсетіледі. Гастрольдік сапар Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен басталды. 100 жыл бұрын жазылған Әуезовтің «Қарагөзі» қазіргі жаһандану заманында да өзекті.

Майра Омар, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы:

- Біз бүгін ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрімізді сақтап, жалғастыруымыз керек. Бұл – қан тазалығы, дін тазалығы, ағайынның бірлігі. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, жастардың болашаққа ұмтылуы. Мұның бәрі – үлкен тәрбиелік мәні бар, мағынасы терең дүние. Бұл – өте мазмұнды, тәрбиелік мәні жоғары спектакль.

Ербол Қабылбеков, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры:

- Алматы жұртшылығы расында да бізді өте сағынып күтіп отыр деп ойлаймыз. Өйткені спектакльдеріміздің барлығы қазіргі таңда аншлаг. Сондықтан енді ол бізге үлкен мәртебе.