Биыл 34-ші мәрте өткен халықаралық «Славян базары» өнер фестивалі қазақстандық қатысушылар үшін жемісті болды. Жерлестеріміз екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Халықаралық ән додасының гран-приін Алмагүл Батталиева иеленді. Ал балалар арасында 1-ші орынды Мирас Нағашыбай қанжығалады. Қос жүлдегер Беларусьтің Витебск қаласынан елге оралды. Жас таланттарды Алматы әуежайында туған-туыстары, дос-жарандары мен әріптестері қарсы алды.
«Славян базары» байқауының бас жүлдегері Алмагүл Батталиеваны әуежайда әріптестері әннен шашу шашып қарсы алды. Алмагүлдің өзі Алматыда туып өскен. Осындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академисының түлегі. Соңғы екі жылдан бері Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясында жұмыс істейді. Бұған дейін «Славян базары» байқауына қатысуға бірнеше рет талаптанып көрген. Бірақ іріктеу кезеңінен өте алмапты.
Алмагүл Батталиева, «Славян базары» байқауының гран-при иегері:
- Сенімдеріңізді ақтадым деген үміттемін. Қазақ халқы деген талантты халық қой. Бізде талантты әншілер өте көп. Іріктеуден өту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен 8 жыл бойы ұлттық іріктеуге қатысып сегізінші рет дегенде өтіп, халқымның, елімнің намысын қорғауға сәті түсті.
Алмагүл ақтық кезеңде «Вечность» әнін орындап, талғампаз тыңдарманның да, қазылар алқасының да ыстық ықыласына бөленді. Екі күндік байқау нәтижесінде 137 ұпай жинап, үздік атанды. Анасының айтуынша, ол бала кезден әнге құштар болып өскен. Көптеген аспапты жетік меңгерген. Талантты әнші бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауда бақ сынап, кәсіби шеберлігін шыңдады.
Гүлнәр Батталиева, Алмагүл Батталиеваның анасы:
- Бүгінгі күн шексіз бақыттымын. Турды ұтып алдым деп екі ай бұрын естігем. Сенімен бірге барайыншы десем, үйде отырыңыз деп кетеді. Жарыстардан ұтып келеді. Осы жолы мен қатты толқыдым.
Ән додасында топ жарған тағы бір жерлесіміз – 13 жастағы Мирас Нағашыбай. Алматы облысы Жамбыл ауданының Қайназар ауылынан. Кішкентайынан ән айтады. Қазір музыкалық мектепте оқиды. Ол 14 мемлекеттен келген балалардың ішінен бірінші орын иеленді.
Мирас Нағашыбай, «Славян базары» балалар байқауының 1-орын иегері:
- Екі өлең орындадым. Бірі ол Қошқар мен Теке мультфильміндегі «Ақтамберді» жырын орындадым. Екінші күні оркестрмен «Есаул» Олег Газмановтың өлеңін орындадым. Екеуінде жақсы балл алып, 136 балл жинадым. Сосын өкінішке қарай, Белоруссиямен бірге теңесіп, оларға гран-приді беріп, бірінші орын алдым.
Бұл жетістік – жас әншілер үшін үлкен белес. Ел үшін мақтаныш. Сонымен қатар Қазақстан мәдениетінің, өнерінің халықаралық деңгейде танылып, жаңа биіктерге көтерілуінің дәлелі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев