«Хабар» арнасында «The Voice Қазақстан» шоуы көрерменге жол тартады

  • 155
  • 18.07.2025, 18:50

«Хабар» телеарнасында жаңа жоба. «The Voice Қазақстан» мега шоуының онлайн кастингі басталды. Елдің ең мықты дауысы атанғысы келетін күміс көмей, жез таңдай қыз-жігіттер арнайы телеграм ботына өтініштерін бере алады.

«The Voice Қазақстан» – бұл жай ғана әлемге танымал жоба емес, бұл отандық орындаушылар мен шын таланттарға үлкен сахнаға жол ашатын тамаша мүмкіндік.

«The Voice Қазақстан» мега жобасының онлайн кастингіне 16 мен 59 жас аралығындағы әншілер мен дуэттер қатыса алады. Үміткерлер @castingKzBot Telegram ботына тіркеліп, өзі ұнатқан әнін орындап, жолдауы тиіс. Әндердің жанрына шектеу жоқ. 

Жайнагүл Төлемісова, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Осы күзде «Хабар» телеарнасында аты аңызға айналған «The Voice Қазақстан» музыкалық шоуы басталады. Әлемге әйгілі формат ұлттық нұсқада біздің қазақстандық жұлдыздармен жүзеге асырылғалы отыр. Біз үшін ең бастысы – қатысушылардың музыкалық таланты және олардың харизмасы. Осы үздік жоба елге жаңа есімдердің танылуына және көрермендердің өздері үшін болашақ жұлдыздарды ашуына мүмкіндік беретін болады. 

Шоудағы басты ерекшелік – «көрмей тыңдау» кезеңі. Яғни тәлімгерлер үміткердің түрін көрмей, дауысына ғана баға береді. Мұндай тәсіл әділ таңдау жасауға әрі өнерпаздың музыкалық әлеуетін шынайы бағалауға жақсы. Әрмен қарай үміткерлер қазақ эстрадасының майталмандары алдында бақ сынайды. 

Әсел Тоянова, «The Voice Қазақстан» жобасының продюсері:

- Біздің тәлімгерлер ол Мейрамбек Бесбаев, Байғали Серкебаев, Баян Мақсатқызы мен Бағым Мухитденованың шығармашылық дуэті және жас толқын өкілі Turar тәлімгер болады. 

Жобаға қатысты тың жаңалықтарды «Хабар» Агенттігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан біле аласыздар. «The Voice» – әлемнің 180-нен астам елінде сәтті жүзеге асқан халықаралық музыкалық тележоба. Тасада жүрген таланттардың бағын ашатын жоба «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев