Мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек. Республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Көлемді интервьюде өнер ордасы - театр мен музей және кітапхана ісіндегі мәселелер туралы ақпарат жазылған. Одан бөлек, мәдени мұраларды цифрландыру жайы да сөз болды. Мақалада қазақ киносының алтын бесігі «Қазақфильмге» қатысты үлкен бөлім бар. Осы ретте министр: «Түрлі қауесет пен сыни пікірге нүкте қоятын кез келді»,–дейді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Біз «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделіміз. Мәселен, біз заңға өзгеріс енгіздік. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік киноқаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30% жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді. Бұл киностудияның жұмысын тұрақты әрі қаржылық тұрғыдан орнықты етуге мүмкіндік береді.