Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс-шаралар басталды. Облыс орталығында «Abai Akademiyasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсауы кесіліп, қазақ күресінен қалалық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ этноауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлы ақынның мерейтойына орай Бейбітшілік аралында ашылған этноауылда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Асыл мұра» қолөнершілер фестивалі өтті. Үздік шеберлер туындыларын көрермен назарына ұсынды. Белгілі қолөнерші Сәкен Назарханұлы Абайдың домбырасы мен кісе белдігін өз қолымен қайта жасап шыққан.
Сәкен Назарханұлы, қолөнер шебері:
-Түпнұсқасының кішкене тозған жерлері бар. Ал мен мынаны, көшірмені болашақта жастар, халық көріп, сол заманды көз алдарында суреттеу үшін көшірмесін жасап, 180 жылдыққа байланысты өзіміздің Абай мұражайына сыйға тартпақшымын.
Этноауыл таңғы сағат 10-нан кешке дейін жұмыс істейді. Мұнда театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайы мен Әміре Қашаубаев атындағы филармония ұжымы қонақтарға концерттік бағдарламасын ұсынады.
Маржан Бахатова, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы:
-Қалалықтарды, қала қонақтарын этноауылға шақырамыз. Этноауыл аумағында 10 киіз үй құрылып, осы жерде ұлттық дәм ұсынылып жатыр. Сонымен қатар күнделікті 10 күннің ішінде қлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар, 10 күн бойы осы сахнада ұлттық өнерімізді дәріптейтін өнерпаздардың әні мен күйі, ұлттық би, күй жарыстары кең көлемде аталып өтіп жатыр.
Ақынның мерейтойына орай 10 тамызға дейін өңірде жүзден астам мәдени және спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жалпы жүлде қоры 9 жеңіл автокөлік және 90 жылқы. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар осы сыйлықтарға ие болады.
Асланбек Шығыр, Ботагөз Дандыбаева, Медет Өмірханов