Қазақтың қара өлеңін ардақтаған ақындар Семейде бас қосты. «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы көрермен жүрегін тербеп, рухани кешке айналды. Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысып жатыр.
Дүбірлі доданың ашылу салтанаты ерекше қойылыммен басталды. Қызыл кілем үстімен қадірлі қонақтар кіріп, театр сахнасында өнер көрсетті. Айтысқа еліміздің әр өңірінен кіл жүйріктер жиналды.
Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын:
-Бұл біздің Абай деген ақиқаттан айнымас, темір қазығымыз. Мұңайсақ та, қайғырсақ та, қуансақ та. Кез келген дүниенің жауабын осы Абай атамыздан табамыз. Сондықтан бұдан қатты бір бәйге аламыз деп келген жоқпыз. Халықтың батасын алып, осы Абай елінің қуанышын бөлісіп кетсек болды деген мақсатпен келіп отырмыз. Той құтты болсын!
Республикалық айтыстың тізгінін арқа ақындарының саңлағы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев ұстады. Ал қазылар алқасына елге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері енді. Аламан айтысқа Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Мақсат Ақанов және Мейірбек Сұлтанхан сынды «Алтын домбыра» иегерлері қатысуда.
Олжас Соғымбай, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:
-Бүгінгі айтыстың деңгейі, бүгінгі айтыста көтерілетін мәселе мен айтылатын сөздің де деңгейі жоғары болады деп халық күтіп отыр. Бүгінгі айтысқа қатысқан барлық ақынға Төлеген Айбергенов айтқандай «жүлде берем жығылған палуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» дегендей айтысқа қатысқан ақындарымызға Абай тойынан тәбәрік таратылады.
«Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысына жиналған халықтың қарасы қалың. Көрерменге қолайлы болуы үшін айтыс Абай театрының алдында тікелей байланыс арқылы көрсетілді.
Өтеш Ахметов, Ұлытау облысының тұрғыны:
-Айтыстың бағасын енді көрермендер береді. Жалпы жұртшылық береді. Бірақ алғашқы сәтте байқап тұрғанымыз өте жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Бұл енді жай қатардағы шара емес, Абайдың 180 жылдығына арналған шара мағынасы зор, мазмұны терең шара деп ойлаймын.
Абайдолла Түсіпбеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Ең бірінші осы келген ақындарға рақметімді айтамын. Енді бүгін айтыста жүрген түгел қаймақтың бәрі осында жиналып отыр. Еліміз, Абайымыз, Семей өркендесін деген ниеттемін.
«Абай мұрасына тағзым, ұлттық өнерге құрметтің жарқын көрінісі»,– дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, бас жүлдені иеленген айтыскер ақын су жаңа автокөлікке ие болады. Бұған қоса қатысушылардың барлығы қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов