Алматылықтар Абай мұрасын дәріптеп жүр

  • 9
  • 08.08.2025, 18:54

Абайдың 180 жылдығын алматылық жастар да өздеріне тән жалынмен, жарыса дәріптеп жүр. Бірі ұлы ақынның әнін домбырамен жүрекке жеткізе шырқаса, енді бірі шығармашылығын заманауи газет бетіне сыйғызды. Бірі үнін, бірі сөзін аманат етіп, хакім мұрасын бүгінгі ұрпаққа жаңа қырынан ұсынды. 

Алматыдағы №174 мектеп-гимназия оқушылары төрт беттік интерактивті газет дайындады. QR-кодпен толықтырылған басылымнан бейнеролик көріп, тікелей дереккөздерге өтуге болады. Онда жасанды интеллект көмегімен жасалған комикс, танымдық мақалалар мен Абай өлеңдері жинақталған. Бұл «Ұрпақ үні» медиастудиясының еңбегі.

Әбдірахман Қайрат, мектеп оқушысы:

-Негізі біздің білім ордамызда осы 2024 жылдан бастап медиастуия жұмыс істейді. Осы 2024-2025 оқу жылының аяғына қарай мектеп газетін шығара бастадық. Жалпы мақсатымыз – әрине, Абайдың шығармашылығын дәріптеу.  

Абайдың шығармашылығы шетелдік студенттерге де қызық. Чонг Хён Джун Ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін ол домбырада ерекше сезіммен орындайды. Туған жері басқа болса да, қазақтың қоңыр үні мен абыз жырына деген ықыласы бөлек.

Чонг Хён Джун, студент /Оңтүстік Корея/:

-Өлеңдерді 2 жыл бұрын үйрендім. Мен Абайдан «Көзімнің қарасы» орындап білемін. Қазақтармен сөйлестім, интервьюдан көрдім, ютубтан, инстаграмнан көріп солай ақырын-ақырын үйрендім.

Абайдың 180 жылдығына арналған әрбір іс – болашақтың жүрегіне қаланған рухани із. Бірі әнімен, бірі сөзімен, бірі бейнесімен ұлы ақынды дәріптеп, жастар Абайды уақытпен жарыстыра, жаңа ғасырдың төріне шығарып келеді.

Алуа Ералықызы, Айдос Қалиев, Әбен Нарынбаев