Абайды ұлықтау аясында 5 мыңнан аса іс-шара өтеді 

  • 766
  • 08.08.2025, 18:59

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара өткізу жоспарланған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше айтыс, көркем фильм көрсетілімі, ақындар фестивалі, жыр мүшайрасы ұйымдастырылады. Бекітілген кестеге сәйкес концерт, «Абай оқулары» республикалық байқауы мен челлендждер басталды. Қазақтың біртуар перзентін ұлықтау мақсатында халықаралық деңгейдегі 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Негізгі мерекелік шаралар Абайдың туған жері Абай облысында екі күннен кейін басталады.   

Ерлан Дәкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы:

- Бұл мерейтойға арналған шаралар тек Абай күнімен шектелмей жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Жалпы елімізде руханиятымыздың алтын қазығы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығының маңызы өте зор. Ұлы Абайдың сөзі мен ойлары ұрпақ санасында мәңгі жаңғырып, тәуелсіз еліміздің рухани темірқазығы болып қала бермек.