Жапонияда Қазақстан Республикасының Ұлттық күні атап өтілді.
Осакадағы Экспо-2025 көрмесінде көк байрағымыз көкке көтерілді. Салтанатты рәсімге Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация қатысты. Министр бұл күннің Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, Қазақстан мен Жапонияны білімге, еңбекке және дәстүрге құрмет сияқты ортақ құндылықтар байланыстыратынын айтты. Мерекеге орай ұлттық киім киген өнерпаздар мен спорт шеберлері шеру өткізіп, қазақ өнерін паш етті.
Айта кетейік, EXPO көрмесіндегі Қазақстан павильонына барған қонақ саны қазірдің өзінде 900 мыңнан асқан.
Дәулет Еркімбаев, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- 1 айдың ішінде келуші саны 1 млн-ға жетеді деген болжам бар. Ұлттық павильонда тарихи мұрамыз бен мәдени байлығымызды барынша көрсетуге тырыстық. Заманауи Қазақстанның болмысы да сырт қалған жоқ. Келушілер туристік әрі инвестициялық әлеуетімізге жоғары баға береді деген ойдамын.