Ұлытауда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Шығармашылық байқауға 35 жасқа дейінгі 30-дан астам жас ақын қатысып, бақ сынады. Сайыс жеңімпаздарын марапаттау шарасы Жезқазғандағы ұлы ақынның еңселі ескерткіші алдында өтті.
Абай тойына орай өңірде бірқатар мәдени, танымдық іс шаралар ұйымдастырылды. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деп аталған жас ақындар мүшәйрасы соның қорытындысы іспетті. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ақын шығармашылығын насихаттауды басты мақсат тұтқан мүшәйраның маңыздылығын атап өтті.
Мүшәйраға жалпы 30-дан астам жас ақын шығармаларын жолдаған. Олардың арасында шығармашылық жолға енді қадам басқан өрімдей жастар мен қарапайым жұмысшы мамандар да бар.
Қанат Муси, І орын иегері:
- Мүшәйраға облысымызға белгілі ақындармен қатысып, қарапайым еңбеккерлердің намысын қорғадым деп ойлаймын. Жұмысшылар жылындағы менің жеңісім – қарапайым жұмысшылардың жеңісі.
Гүлім Егеубай, ІІІ орын иегері:
- Бұған дейін небір жобаларға қатыстым, бірақ үлкендер арасында, үлкен жүйріктердің арасындағы алғашқы қатысуым. Осы жүлдеме өте қуаныштымын. Небір «мен, мен» деген ақындардың арасынан жүлде алу – мен үшін үлкен сый десек те болады.
Мүшәйрада үздік шыққандар қорытынды кеште өлеңдерін оқыды. Қазылар шешімімен жүлдегер атанған ақындарға қомақты қаржылай сый берілді. Абайдың рухани әлемін жырға қосқан ақындар арасынан Жезқазғандағы Абай атындағы мектептің ұстазы Жанат Әбдіғожин бас бәйгені жеңіп алды.
Жанат Әбдіғожин, бас жүлде иегері:
- Оның қарасөздерін, өлеңдерін ұрпаққа мұра етіп қалдыру –біздің парызымыз. Сондықтан Абай жолында, Хәкімнің жолында үлкен-үлкен еңбектер жасауымыз керек. Басқа басқа енді данышпан Абайдың атындағы жүлдені алу – мен үшін үлкен мақтаныш.
Шара соңында көпшілік ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Абайдың әндерін қосыла шырқады.
Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева