Абай тойына арналған онкүндік Қарауылтөбеде түйінделді

  • 13
  • 11.08.2025, 18:45

Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына 50 мыңнан астам адам жиналды.Он күн ішінде жиыны 100- ге жуық мәдени- спорттық шара өтті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, ақындар мүшәйрасы, ақындар айтысы өтті. Тіпті қайырымдылық жасалып, 180 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Мерейтойдың негізгі бөлімі кеше Қарауылтөбеде өтті. 

Қарауылтөбедегі той Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Салтанатты шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар ұлы ойшылдың рухына тағзым етті. Құрметті қонақтардың арасында Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова бар.

Зифа-Алуа Әуезова, М. Әуезовтің немересі:

- Біз жұбайым екеуміз Абайдың «Қара сөздерін» голланд тіліне аударуға атсалыстық. Кеше аударманың бір данасын Шәкәрім университетіне сыйға тарттық. Сондай-ақ біз Абайдың әндерін ағылшын тіліне аудару жобасына да қатыстық. Бұл жоба Кембридж университетімен бірлесіп жүзеге асырылды.

Қарауылда 200-ден астам киіз үй тігіліп, 15 елден қонақ келді. Тойды ұйымдастыруға 500-ден астам ерікті жұмылдырылды. Мерекелік шара «Бала Абайдан, дана Абайға» атты ерекше қойылыммен жалғасты. Бұл спектакль ұлы ақынның өмір жолын қысқаша баяндады. Сонымен бірге жүрген көш керуеніне 600-ге жуық адам қатысты.

Блиц-сауалнама: 

- Абай бабамыздың аруағы риза болсын. Бәрі жоғары деңгейде тамаша ұйымдастырылған.

- Бұл қара өлеңнің қазығы қағылған жер. Сондықтан осы жерге бүкіл Қазақстаннан елім деп, Абай деп келген барша жұртқа той құтты болсын дегіміз келеді.

Түстен кейін ұлттық спорт түрлерінен жарыс басталды. Өгіз және түйе палуан атану үшін еліміздің әр өңірінен 40-тан астам спортшы келген. Бозкілемде белдесіп, үздік өнер көрсеткен Жігер Еркінұлы өгіз палуан атағын жеңіп алды. 90 келі салмақ дәрежесінде батыстан келген Нұрдаулет Жарылғапов түйе палуан атанды.

Нұрдәулет Жарылғапов, балуан: 

- Бүгінгі Абай атамыздың тойы лайықты деңгейде өтіп жатыр. Осы түйе палуанды ұтып алғаныма өте қуаныштымын және де қолдап отырған барша қазақ еліне рақметімді айтамын.

Аламан бәйге, топ бәйге және жорға жарысы өтіп, жүзден жүйріктер анықталды. Қатысушылар 7 шақырымнан 25 шақырымға дейінгі қашықтықта бақ сынады. Павлодарлық шабандоз Абай тойының бас бәйгесінде топ жарса, топ бәйгеде Алматы облысының тұлпары бірнші келді.

Нұрсейіт Жылқышыбай, журналист:

- Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Абай атамыздың 180 жылдығын ұту бұл оңай шаруа емес. Себебі осал ат келген жоқ. Барлығы мықты ат келді. Енді бұйырғанына тәуба деймін.

Абай жұрты он күн бойы атаулы мерейтойды керемет көңіл күйде тойлады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында мыңнан астам полиция қызметкері тартылған. Тойға келген қонақтардың саны 50 мыңнан асып кетті. Барлық іс-шаралар «Желсіз түнде жарық-ай» деп аталатын өнер жұлдыздарының гала-концертімен түйінделді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов