«Silk Way Star» - Азия музыкасының үні

  • 12
  • 15.08.2025, 16:23

«Silk Way Star» – Азиядағы алғашқы музыкалық байқау Астанада өтеді. Бұл туралы халықаралық жобаның басталуына орай «Қазмедиа орталығы» студиясында өткен  баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы халықаралық «Silk Way Star» жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асады.

Аталған келісімге  2025 жылы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көшбасшысының қатысуымен қол қойылған болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио Кешені мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.

Музыкалық сайыстың түсірілімі  2025 жылғы 20 тамызда басталады. Гранд-финал 22 - қараша күні «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасында және байқауға қатысушы елдердің жетекші телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.

– Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Мұндай ауқымды жобаны ұйымдастыру мен өткізу үлкен еңбекті, тың шешімдер мен  көзқарасты талап етеді. Осы орайда біздің  шығармашылық топтың креативтілігі, табандылығымен  қатар ерекше құлшынысын атап өту керек. «Jibek Joly» мен «CMG» медиакорпорациясын біріктіретін осы жобаның жемісті боларына сенім зор. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын,   мәдениеттің, бейбітшіліктің, музыканың, ұлттық рух мен дәстүрдің елшісіндей талантты өнерпаздарға бірегей  алаң ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Миллиондаған көрерменімізді тың жаңалықтар және әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын жандардың бір алаңда ұйысқанын тамашалайтын ғажайып сәттер күтіп тұр. Біз достықтың алтын көпірін орнатып, мәдениет арқылы түрлі ұлт  пен елдерді жақындастыратын маңызды миссия атқарып отырмыз, – деді, «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.

«Silk Way Star» – әлемдік музыкалық индустриядағы жарқын құбылыс болмақ әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтардың мәдени құндылықтарын паш етеді. Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стильдердің алуандығын, дәстүрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді.

Қазылар алқасының құрамында танымал әртістер, композиторлар, продюсерлер мен медиа өкілдері бар. «Silk Way Star» – азиялық музыканы насихаттау, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту және жаңа таланттарға жол ашатын алаң қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба болмақ.