Маңғыстаудағы Айрақты тауының бөктерінде алғаш рет шұбат фестивалі өтті. Қазақтың ұлттық ас-сусыны дәріптелген танымдық шараны 20 мыңға жуық адам тамашалады. Көрермен арасында ТМД елдерінен, Еуропадан келген туристер де болды. Өлке меймандары жеміс-жидек қосылған түйе сүтінен дәм татып, ашық аспан астында ұйымдастырылған шеберлік сабағына қатысты.
Айрақты – тұмса табиғатымен талайды тамсандырған мекен. Сырт көрінісі ерекше тау бөктерін кешегі тәулікте қазақтың ән мен күйі кернеді. Ақшаңқан киіз үйлер бой түзеп, өңірге саяхаттап келген шетелдіктер шұбаттан ауыз тиді. Ұлттық сусынды жасау жолымен танысып, шеберлік сабағына белсене қатысты.
Сәлима Қазақ, турист, Иран:
- Ұнап жатыр, күшті екен. Қазақ елімізге келіп, осындай күшті жерлерді көріп жатырмыз. Ақ үйден шұбат, бауырсақ беріп жатыр.
Сәкен Мыңбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Логистика бойынша келім-кету, қарым-қатынастар жан-жақтан бағытталған. Нақты жасалған орын. Ендігі жолы мына Форттың өлкесінде өскен Тамшалы деген жерде өткізілуі керек деп ойлаймын.
Фестиваль кезінде көрермен садақ ату, гіртас көтеру секілді спорттық сайыста күш сынасты. Киіз үйде өткен танымдық дәрісте мамандар дұрыс тамақтану әдетін қалай қалыптастыру керектігін түсіндірді. Шараның ең қызықты бөлігінде көпшілік жергілікті фермерлер әзірлеген дәмі сан алуан түрлі шұбаттан дәм таттты. Әсіресе жеміс-жидек пен жалбыз қосылған құнарлы сусынға ел ерекше назар аударды.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Маңғыстаудың әдемі, сұлу жерлерін дәріптеу. Екіншісі, шұбат ол тек Маңғыстаудың ғана емес, жалпы қазақтың бренді. Соны әлем жүзіне танытып, халықты мейлінше осы шұбатқа үйрету. Яғни одан біздің туризм, екіншіден, кіші бизнестің дамуы тұр арғы жағында. Біздің ойымыз, мақсатымыз сол.
Күн бата дала сахнасында қазақстандық өнер жұлдыздары ән шырқап, кештің көрігін қыздырды. Бір мезетте 300-ден астам дрон көтеріліп, түнгі аспанды әсем көрініске бөледі. Шара соңында жүзден астам ерікті жас көпшілікпен бірге аумақты жинап, табиғат аясын қоқыстан тазартты.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев