Алматыда заманауи өнер мұражайы ашылды

  • 21
  • 09.09.2025, 20:05

Алматының мәдени өмірінде тың серпіліс. Қазақстандағы алғашқы заманауи өнер мұражайы өз есігін айқара ашты. Аумағы 10 мың шаршы метр ғимаратты британдық сәулетшілер жобалаған. Мұнда көрме алаңдарымен қатар көпфункционалды зал, кәсіби қор сақтау орны мен шығармашылық кеңістіктер бар.

Көрменің ең үлкен залы «Ұлы Дала» деп аталады. Биіктігі 12 метрлік кеңістікте қазір қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның еңбектері қойылған. Айтпақшы, мұндағы экспозициялар әр 6 ай сайын жаңартылып отырмақ. Ал көрмеде көрініс тапқан ерекше экспонаттардың бірі – әйгілі америкалық мүсінші Ричард Серраның «Қиылыс» атты мүсіні. Салмағы 150 тонна болаттан жасалған туындыны қалаға жеткізудің өзі өнерге пара-пар іс болған деседі. Жаңа мәдени кеңістіктің басты мақсаты ؘ– қазақстандық өнерді танытып қана қоймай, қолжетімді бағада әлемдік шедеврлерді де көпшілік көзайымына айналдыру. 

Адиса Кин, Almaty Museum of Arts мұражайының коммуникация маманы:

- Бізде Қазақстанда басқа да мұражайлар бар. Бірақ көбінесе біздің қазақстандық мұражайлар біздің жергілікті суретшілердің жұмысын ұсынады. Ал біздер жергілікті суретшілерді де ұсынамыз. Соған қоса біздер әлемнің түкпір-түкпірінен алып келдік. Яғни біздің ең басты миссиямыз – біздің қазақстандықтар осы жұмыстарды көру үшін Францияға, Жапонияға барып керегі жоқ. Олар біздің мұражайға келеді.