Алматыда түркі дүниесінің тарихы талқыға түсті. Туысқан елдің ғалымдары «Түркі мемлекеттері тарихы» атты іргелі еңбек жазуды жоспарлап отыр. Бұл бауырлас халықтардың бағзыдан аңсаған арманы. Алдағы 2 томдық басылым түркі жұртының мәдениеті мен әдебиетін, ғылымы мен біліміне қатысты деректерді қамтиды. Бұл бағыттағы алғашқы кездесу биыл ақпанда Анкарада өткен. Енді соның жалғасы ретінде Алматыдағы екінші басқосуда әр елдің комиссия мүшелері ойларын ортаға салып, бағыттарын айқындап алуға бекініп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, 5 мемлекеттің тағдырлы кезеңдерін 2 томға сыйғызу оңай емес. Бір елдің өзі бір энциклопедия. Ал бірнеше елдің ғұмырын бір арнаға тоғыстыру үшін уақыт пен төзім қажет. Сондықтан еңбектің қашан жарық көретіні әлі белгісіз. Бірақ соған қарамастан, ортақ тарихты жазу – бүгінгі күннің талабы. Өйткені бұл еңбек тек өткенді саралап қоймай, болашақтағы ынтымақтастықтың да діңгегіне айналмақ.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры:
- Қазіргі жағдайда шынын айту керек, көп елдерде осындай қысқаша, бір томға сыйып кететін тарихын жақсы жазған ел жоқ. Осы еңбек қажет, себебі соңғы уақытта біздің басшылар, Президенттер де Бішкекте айтып кеткендей, Түркі әлемінің ортақ тарихын жазу керек. Біздің тарихымыз ортақ.