Солардың бірі - көсемсөздің көрнекті өкілі Аяған Сандыбай. Қоғамның өзегін қозғаған өткір ойы мен еңбектерін елдік мүддеге арнаған қаламгерді замандастары «уақыт үні» деп бағалайды. Осы еңбектердің бір парасы - «Иду по линии света» атты публицистикалық жинақ. Дәл осы кітап пен басқа да шығармалары арқау болған конференцияда патриотизм мен демократия, ғылым мен мәдениет сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жиында қаламгердің 75 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты табысталды. Тұлғаның елге сіңірген еңбегі мен шығармашылық тағылымы қазақ журналистикасының келер буынына темірқазық болып қала бермек.
Қайрат Сақ, «Журналистикалық зерттеулер» орталығының директоры:
-Биік лауазымдарда жүрсе де шығармашылығымен үзбей, ұдайы айналысып отырды. Ол кісінің мына публицистикалық мұрасы өте құнды. Біздің журналистикамызда осындай ардагер азаматтардың жүргені, өзінің бай тәжірибесімен кейінгі жас ұрпақтарды тәрбиелеп жүргені үлкен өнеге.
Аяған Сандыбай, журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
-Енді мынадай ақиқатты айтқым келеді. Сөз мағынасын жоғалтса, ел тәуелсіздіктен айырылады. Біз енді қазіргі заманда геосаяси жағдай баршаңызға белгілі. Сондықтан біздің ұлттық баспасөзіміз мықты болу керек.