Бұл ерекше идеяны OYU-дың креативті тобы ұсынды. Түсірілім Kaspi.kz жетекші инновациялық компаниясының қолдауымен жүзеге асты. Бейнебаян Қала күні – 21 қыркүйекте Kaspi.kz пен OYU-дың YouTube арналарында көрерменге жол тартты.
Түсірілім орны әр алматылыққа ыстық кішкентай көшелер, үйлер, балкондар, субұрқақтар, Ғылым академиясы, Опера және балет театры. Мұндағы түсірілім алаңына әртістер M’Dee, Orynkhan және Роза Рымбаева бірінен кейін бірі шығады. Олар кадрда кездеспейді, әрқайсысы «Гүл Алматы» трегінің өзіндік нұсқасын орындайды. Оларға музыканттар да, қала тұрғындары да қолдаушы болды.
Рина Наумова, режиссёр:
- Алматы жай ғана түсірілім орны емес, ол жеке кейіпкер іспетті. Біз қаланың көшелеріне, тұрғындарына деген сүйіспеншілігімізді жеткізгіміз келді. Сол себепті кадрларда тек саябақтар мен скверлер ғана емес, қала тұрғындары да бар.
Orynkhan, әнші:
- Барлығы күшті, барлығы керемет деңгейде. Осы іске атсалысып жатқан адамдарға, барлығына рақмет! Осы бір үлкен жоба – ертеңгі тарих деп есептеймін. Бұл интернет желісіне түседі, мәңгілікке қалады. Сол үшін тек бүгін ғана емес, 10 жыл, 50 жылдан кейін де адамдар тыңдап көре алады. Сондықтан да бұл кішігірім архив ретінде сақталады. Сол үшін осындай сапалы архив, сапалы тарих жасап жатқаныма қуаныштымын.
Клип нәзік те ерекше болуы үшін қызғылт-ақ түсті гүл де пайдаланылды. Гүлзарға бес мың қызғалдақ отырғызылды. Ал қызғылт алқаптың ортасында Роза Рымбаева ән шырқады.
Роза Рымбаева, әнші:
- Бұл әнді ұлы әншіміз Ермек Серкебаев орындаған. Ермектен кейін біздің сүйікті бауырымыз – өте жоғары әнші, музыкант, композитор, дүниежүзілік деңгейдегі музыкант Батырхан Шүкенов орындаған. Енді осы жолы маған кезек келді. Өзімнің жүрегіммен, өзімнің дауысыммен, өзімнің мәнеріммен орындаймын. Сондықтан бұл да Алматыға деген ерекше махаббат.
Клиптің түсірілімі Kaspi.kz қолдауымен өтті. Бір жылдан бері ең инновациялық технологиялық компания OYU-дың бас серіктесі. Бұған дейін қазақстандықтарға Наурыз мерекесінде сыйға тартылған «Nauryz Special» жобасы да бірлескен жоба еді. Енді кезек Алматы күніне келді.
M’Dee, әнші:
- Kaspi-дің осындай керемет шығармашылық жобаларға қолдау көрсетуі – сөзсіз үлкен плюс. Бұл біздің саламыз, Қазақстан үшін, қаламыздың және еліміздің шығармашылық ортасы үшін өте маңызды. Мен мұндай жобалардың қолға алынып жатқанына қуаныштымын және олардың әлі де көбейетініне сенемін.
- Жалпы кез келген бизнесте табысты жүрген азамат ең бірінші өзінің жеріне, өзінің мәдениетіне, өзінің қаласының өркендеуіне, өзінің талантты жұлдыздарына ең бірінші қамқор болу керек. Сондықтан олар біздің Алматыға деген махаббатын осы бағдарлама арқылы көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Ерекше рақмет айтам.
Аида Аблаева, режиссёр:
- Kaspi.kz-тің қолдауы бізге аса қажет, себебі осындай серіктестердің арқасында идеяларымызды толыққанды жүзеге асыра аламыз. Kaspi.kz-те Алматы мен оның тұрғындарына деген махаббатын білдіре алады.
Бейнебаянды Kaspi.kz пен OYU-дың YouTube арналарынан көруге болады.
Әнуарбек Мырзатайұлы