Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы Парижде аталып өтті

  • 14
  • 25.09.2025, 19:42

Түрлі мәдениеттер тоғысқан Париждің көпұлтты ортасы қазақ композиторының шығармашылығын қалай қабылдады екен?

Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйі Ата толғауы. Жыр алыбы Жамбылға арналған бұл туынды Отырар сазы оркестрінің әр концертінің шымылдығына айналған. Орындаушылар ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде де осы дәстүрден жаңылмады. Композитордың 100 жылдық мерейтойы Париждің қақ төрінде аталып өтті. Салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Нұрғиса Тілендиевтің есімі тек ұлттық мақтаныш қана емес, бүкіләлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Концертке келген мәртебелі меймандарының арасында халықаралық дипломаттар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар. 

Эрнесто Оттоне, ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары: 

-Мені қазақ концерттеріндегі классикалық жанрдың ұлттық аспаптармен ұштасуы қызықтырады. Оның үйлесімінен қайталанбас үн шығатындай. Сондықтан біз осындай концерттерді тағатсыздана күтеміз.  

Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық артисі, Қазақстанның «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтен түрлі жанрды қамтитын 500-ден астам туынды мұра болып қалды. Оның ішінде күй, поэма, романстар, опера тіпті балетке арналған шығармалар бар. 

«Сарыжайлау», «Аққу», «Махамбет», «Күй шашу», «Құстар әні» бұл әр қазаққа етене таныс шоқтығы биік шығармалар. Оны өз нақышына келтіріп композитордың қызы Дінзухра Тлендиеваның дирижерлік етуімен, академиялық фольклорлық-этнографиялық Отырар сазы оркестрі орындап, жиылған жұрттың құлақ құрышын қандырды.  

Дінзухра Тілендиева, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері:

-Шынында да 100 жылдық мерейтойдың салтанатты қорытынды сәттерінің бірі. Бұл шараның Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтуіне біз өте қуаныштымыз. Бұл отбасы үшін де, Отырар сазы оркестрі үшін де, Қазақстан үшін де үлкен мәртебе, зор қуаныш. Менің ойымша, біз қазақ музыкасының, қазақ даласының рухани қуатын жеткізе алдық.

Оркестрмен бірге қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Светлана Айтбаева, Әлішер Каримов, Зарина Алтынбаева, Абай Қойшыбаев тағы да басқа әншілер өнер көрсетті. Мерекелік кешке түрлі ұлт өкілдері қатысып, мыңнан астам көрермен жиналды.  

Бүгін мен мұра мен музыканың үйлесімін сезіндім. Музыка ескі емес, қайта өте заманауи болып шықты. Бұл шынымен әдемі қойылым болды, әрі жан-тебірентерлік әсер қалдырды.

Тома, концерт қонағы:

-Ең алдымен бұл Қазақстанға саяхатқа шақыру. Атмосфера ерекше болды. Бұған барлығы келіседі деп ойлаймын. Қазақстан мәдениетімен бейтаныс адам ретінде айтып отырмын, бұл тамаша кеш болды. Оркестр түрлі аспаптардың дәстүрлі қазақ пен классикалық аспаптардың үйлесімімен ерекшеленді.

Катерина, концерт көрермені:

-Маған қатты ұнады, ерекше әсер алдым. Қаншама адам, құдіретті музыка, сахнадағы экранда көрсетілген табиғаттың ғажайып көріністері де бәрі тамсандырды. нағыз қазақ елінің табиғаты деп білдім. 

Қазақ музыкасының бай мұрасын Нұрғиса Тілендиевтің әр шығармасынан көруге болады. Біртуар таланттың өмір жолы мен артына қалдырған мұрасы қазақтың ғана емес әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған. 

Айдана Айтбекқызы, Фариза Жанғанаева, Руслан Өміржан