Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатыр

  • 8
  • 03.10.2025, 19:45

Дәулескер күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Іле ауданынының орталығы Өтеген батыр кентінде қайталанбас өнер иесінің еңселі ескерткіші бой көтеріп, Нұрғиса Тілендиев атындағы жаңа мәдениет үйі ашылды. Композитордың қоладан құйылған еңселі ескерткішін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасады. Ұлттық музыка тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар бұған дейін Париж, Пекин, Мәскеу, Бішкек қалаларында ұйымдастырылған еді. Мемлекет басшысының лебізін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

-Мерейтой аясында елімізде және шетелде іргелі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бұл халықтың ұлы тұлғаға деген ықыласы мен құрметі деп білемін. Атап айтқанда, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы 2025 жылды Н.Тілендиевтің жылы деп жариялап, Түркия астанасы Анкарада салтанатты ашылу салтанатын өткізді. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «Шабыт бастауы – Нұрғиса Тілендиев мұрасы» атты музыкалық аспаптар көрмесі ашылды. 

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық артисі, композитор:

-Бұл біздің келер ұрпақ үшін, біздің халқымыз үшін үлкен үлгі, үлкен мәдениет. Қазақ бар жерде Нұрғисаның әні, Нұрғисаның күйлері, Нұрғисаның шығармалары әр уақытта да қазақтың көкейінде болады ғой. Бұл рухани байлық. Бұл халыққа, жұртқа құтты болсын деп айтамыз, мәдениет сарайы құтты болсын! Тек қана әдемі әндер, әдемі билер, әдемі күйлер шырқалып тұрсын!