«Дударай» әнінің кейіпкерлеріне ескерткіш қойылды

  • 6
  • 01.10.2025, 18:57

Өлеңдегі кейіпкер Дудардың өмірдегі есімі Дүйсен Үкенұлы. Оның орыс қызы Мәриям Жагорқызымен арадағы іңкәр сезіміне кезінде қарсылық білдіргендер болған. Бірақ шынайы сезім барлық кедергіні жеңгенін жақсы білеміз. Оған әйгілі әннің шығуы дәлел. 

Бір-біріне алып ұшқан қос жүрек еш кедергіге қарамайды. Дәл мына Ащыкөл мен арғы беттегі Тұщыкөлдің ортасында жасырын кездесіп, Табиғат-Анаға сыр шертеді. 

Екеуі ақыры бір шаңырақта бас қосады. Көп ұзамай Дүйсен сырқаттан көз жұмып, қырқы өткен соң қазақтың салты бойынша Мәриямды тұрмысқа береді. Көпшілік екеуінің арасында бала болмады десе, Дүйсен Үкенұлының немересі бізге тосын жаңалықты жеткізді.    

Алма Дүйсенова, Дүйсен Үкенұлының немересі:

-Сол тұрмысқа бергенде барған шаңырағында Ырысалды деген қыз дүниеге келеді. Содан анасы Мәриям Ырысалдыны өскеннен кейін шақырып алып, сен осы үйдің шаңырағында дүниеге келсең де, мен осы үйге келгенде аяғым ауыр болып келген, Дүйсеннің қызы сен боласың деген. Қорғалжында Хамзе деген Дүйсеннің жалғыз баласы бар, соны тауып алып, сонымен қатынас дейді. Менің әкемді іздеп келіп, ол кісімен қатынасып, өте әдемі кісі болған Ырысалды деген тәтеміз, жақсы кісі болды. 

Осынау махаббат дастаны әнге айналса, енді олардың сезімі бастау алған өлкеде еңселі ескерткіш тұрғызылды. Идея 2000 жылдардан бері автордың ойында жүрген. 

Жұмаш Мұқышев, идея авторы:

-Халықтың демалыс орны да болады ғой бұл. Ащыкөлдің емдік қасиеті бар, халық осы жерге суға да түсуге келеді, емделуге де келеді. Келешекте мұнын жанынан тағы үй саламыз ба деген ой бар. 

Алмас Алин, Қорғалжын ауданының әкімі:

-Бұл жерде бізде Қорғалжын қорығы орналасқан. Ол жерде 363 құстың түрі бар, 84 көл бар, 400-ден астам шөп бар. Осының бәрін Қазақстанға, шетелге таныту үшін осындай іс-шара ұйымдастырылып жатыр.  

Көпшілік махаббат мұнарасын көріп, шат-шадыман күйге бөленді. Келушілер бұл әсемдік пен әдемілікке, ізгілік пен сүйіспеншілікке қойылған ескерткіш десті.

Светлана Айтбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Махаббаттың аңыз тұлғаларына арналған шетелдерде ескерткіштерді көріп қызығатынбыз. Соның бірі – Фархат пен Шырынға арналған ескерткіш. Бүгін мына Мәриям мен Дударға қойылған ескерткішті көріп, олардың ұрпақтарымен кездесіп, Дудар атамыздың немересінің әңгімесін тыңдап, керемет әсерге бөленіп тұрмын. 

Иә, жылдар өткен соң Дудар мен Мәриямның арасындағы сертке адалдық, сезімге беріктік мүсінге айналды. Жергілікті жұртшылық қасиетті Қорғалжында ашылған ескерткіш тек махаббат символы емес, ұрпақты адамдық пен адалдыққа үндеп, туристік әлеуетті арттыруға сеп болады деп отыр. 

Құралай Жұмахан, Дархан Күнтуов