Ақтауда «Қорқыт ата» кинофестивалі басталғалы киносүйер қауым 40-қа тарта фильмді тамашалады. Бауырлас әзербайжан, өзбек, қырғыз-түркімен режиссерлерінің туындылары көрерменге зор әсер қалдырды. Кейбір кинофильмдер түркі әлеміне ортақ құндылықтарды әлемге дәріптеуді көздейді. Осымен бесінші рет ұйымдастырылған жаһандық фестиваль ертең аяқталады.
1992 жыл. Тәуелсіз Әзербайжан таулы Қарабақ үшін күрескен шағы. Миранда - парсы барысы туралы деректі фильм түсіру үшін Лондоннан келген журналист. Барлаушы Эмильмен танысқан соң оның өмірі түбегейлі өзгереді. Режиссер Ильгар Сафат өскелең ұрпаққа елі үшін қиындықтардан қорықпауды батыр кейіпкерлер арқылы жеткізуді мақсат тұтқан.
Ильгар Сафат, кинорежиссер, /Әзербайжан/:
-Ауқымы кең, мазмұны терең фильмді «Қорқыт ата» фестиваліне арнайы алып келдім. Киносүйер көрерменге ой тастайды деп ойлаймыз. Фестиваль аясында түркі тілдес елдердегі әріптестеріміздің жаңа туындыларын көріп, риза болдым.
Айым Балтабайқызы, қала тұрғыны:
-Бауырлас ел қырғыздың «Қызыл сары» атты фильмін көріп шықтым. Құдды бір өзіміздің фильмімізді көргендей әсерде болдым. Маған өте қатты ұнады. Жалпы фестиваль аясында көптеген керемет киноларды көріп жатқаныма қуаныштымын.
«Қорқыт ата» кинофестивалі Ақтауда 1 қазанда басталды. Осы аралықта көрермен 38 фильмді тамашалады. Конкурс аясындағы және конкурстан тыс кинотуындыларды халықаралық қазылар алқасы саралайды.
Айдын Сақаман, кинорежиссёр:
-Осындай кинофестивальдерде әр елдің киноматографиясы қандай деңгейде, бүгінгі күнде не болып жатқанын маңыздылығын көрсететін үлкен алаң. Киноматографистер бір-бірімен жоспар құрып, үлкен ынтымақтастыққа апаратын жол деп есептеймін.
Маңғыстау жерінде алғаш ұйымдастырылған шараға қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздары келді. Түрік киноактері Бурак Озчивиттің арнайы шақыртылуы жаһандық мәдени шараның маңызын арттыра түсті.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев