Астанада Күләш Шәмшидинованың «Үздік» атты туындысы жарық көрді

  • 10
  • 08.10.2025, 19:57

Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинованың бала тәрбиесіне арналған «Үздік» атты туындысы жарық көрді. Кешке зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары қатысты. Бұл басқа кітаптардан өзгерек. Ол баланы қайткен күнде де озат етіп тәрбиелеу туралы емес. Еңбекте өмірден өз орнын таба алатын, бақытты әрі  табысты адам тәрбиелеу жолдары айтылады. Бұл кітап несімен құнды? Ішінде не қамтылған? 

«Үздік» - үздік бала тәрбиелейтін құрал. Оның авторы  ұстаздықтан Білім және ғылым министріне дейінгі жолды жүріп өткен мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова. Мұнда автор өзінің оқыған-тоқығаны мен көрген-түйгенін тәжірибесіне сүйене отырып, мұғалім – оқушы – ата-ана қарым-қатынасындағы түйіткілдерді саралайды. Қоғамдағы үдерістерді қаперге ала отырып, оларды заман талабына қалай бейімдейміз деген сауалдарға жауап іздейді. 

Күләш Шәмшидинова, Мемлекет және қоғам қайраткері:

-Бұл жердегі ең үлкен мәселе біз ата-аналарға көмектескіміз келді. Ата-аналарға айтқымыз келді: ата-аналар балаларыңыздың жаныңызда болыңыздар, балаларыңызға сеніңіздер, ата-аналар балаларыңызға көмектесіңіздер, шешім қабылдауға мүмкіндік беріңіздер.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

-Кітаптың авторы өзі үздік педагог. Әр адам мынандай кітапты жаза алмайды. Оны жазу үшін біріншіден жүрек керек, екіншіден тәжірибе, үшіншіден Күләш Ноғатайқызынікіндей табандылық, үлкен білім, үлкен адалдық керек.

Туындыны қазақстандық «Mentor»  баспасы басып шығарған. Кітап 2 бөлімнен, бірнеше тараудан тұрады. Бірінші бөлім «Мектептегі оқушы» деп аталады. Онда оқу үдерісін қуанышқа бөлейтіндей қалай ұйымдастыру керек екені егжей-тегжейлі баяндалады. Ал «Үйдегі оқушы» атты екінші бөлімде баламен қарым-қатынас қалай құрылу керектігі айтылады.  
 
Игорь Манн, маркетолог: 

-Ол баланы балабақшадан бастап өмірге бағдарлауға арналған. Заманауи ұрпақ қалыптастыруда таптырмас құрал деп едім.   

Еркін Жақыпов, баспагер: 

-Осы қоғамның ыстығына күйіп, суығына тоңып, біздің мәдениетімізге сай келетін көзқараспен осы кітаптың жазылуы оқырмандарға өте жақын болады деп ойлаймын. Әрбір ата-ана, әрбір ұстаз жатып-жастана осы кітапты оқыған кезде ол баланы тәрбиелеуде үлкен көмек болады. 

Кітаптың соңғы бетінде оқушылардың фунционалдық сауаттылығын бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама бекіткен тәрбие түрінің 5 стилі көрсетілген. Кез келген ата-ана осы арқылы баланың бағдарын анықтай алады.

Құралай Жұмахан, Самат Оспанов