Қарағанды облысы аумағынан сақ жауынгерінің қабірі табылды

  • 9
  • 10.11.2025, 19:49

Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымын қазу кезінде оң қолында қола ақинақ ұстаған ер адамның қаңқасы шыққан. Ғалымдардың пікірінше, жерлеу рәсімі біздің дәуірімізге дейінгі VII–VI ғасырларға жатады және зират беделді жауынгердікі.

Ерекше жәдігерлердің бірі ұзындығы 30 сантиметрдей болатын қос жүзді тұтас құйылған қола ақинақ. Қару жыртқыш құстың бейнесімен өрнектелген. Сондай-ақ зираттан жебе ұштары және алтын сырға табылған. Алтын әшекей жауынгердің қоғамдағы жоғары мәртебесін, дәулетті болғанын айғақтайды. Көне заттардың көркемдік стилі Шет ауданындағы «Талды-2» қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігерлерімен үндес. Барлық табылған бұйымдар облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады. Қарабие қорымының құпиясын ашу үшін жәдігерлерге жан-жақты зерттеу жүргізіледі.

Арман Бейсенов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог:

- Бұл сақ дәуіріне жатады. Сақ дәуірі екі заманға бөлінеді. Мынау сол ерте сақ заманы деп айтамыз. Біздің заманымызға дейінгі  VII–VI ғасырлар. Өзі ерте сақ қоғамы үш әлеуметтік сатыдан тұрады, әлгі «Алтын киімді адамдар» дейтін ол енді патша әулеттері болады, ел басқарушылар. Сосын екіншісі мынау Еуропада айтылады, бізге де келді. Орта класс деген сөз болады өзі. Мынау сол ер адамның қабірі «жауынгер қабірі» болады.