Елордадағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлының төрт томдық толық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті. Туындыға қаламгердің повестері мен әңгімелері, романдары, сондай-ақ өмірбаяндық толғаныстары енген. 3 мың дана таралыммен жарық көрген бұл басылым республикалық кітапханаларға таратылды. Сонымен қатар жазушының 75 жылдық мерейтойына арналған «Жылдар мен жолдар» атты иллюстрациялық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Рухани басқосуда қаламгердің әдебиеттегі жолы мен шығармашылық әлемі туралы тағылымды естелік айтылды.