Ұлттық талдау орталығының зерттеуіне сәйкес, бұл атаққа бірінші Қасым-Жомарт Тоқаев лайық деп танылған. Ел Президентінің негізгі тұлға ретіндегі рөлі мойындалған. Одан кейінгі орындарды «Қайрат» футбол клубының ойыншылары, Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген, үш адамның өмірін сақтап қалған фельдшер Ұлдана Мырзуан және Алматы әуежайында кепілге алынған әйелді құтқарып қалған Мұса Әбдірайым иеленді. Сондай-ақ елдің басты мәдени жетістіктері мен символдары да анықталды.
Жылдың ең үздік қазақстандық фильмдері қатарында отбасы, әділеттілік, ішкі күш пен әлеуметтік жауапкершілік тақырыптарын қозғайтын туындылар аталды. Бұл тізімде «Ауру», «Ыстық ұя», «Патруль. Соңғы бұйрық», «Офсайд» және тағы басқалары бар.
Үздік орындаушылар қатарында этно-поптан бастап заманауи қалалық мәдениетке дейінгі әртүрлі жанрдағы әншілер енді. Көш басын Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртас бастады. Тізімге жаңа музыкалық толқын өкілдері Sadraddin, Alem, «Ирина Кайратовна» тобы, Yenlik, Александр Лим, Raim, Молданазар, Ninety One қосылды. Сондай-ақ кеңінен танылған орындаушылар Мейрамбек Беспаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова да аталды.
Қазақстандықтар үшін негізгі мәнді білдіретін сөздер мен тіркестер туралы сұраққа ең танымал екі жауап – «Цифрландыру» және «Жасанды интеллект» болды. Сондай-ақ позитивті нұсқалар ретінде жақсару, тұрақтылық, сенім, бейбітшілік және әділеттілік сөздері де ұсынылды.
Жаңа жылды қалай қарсы аласыз? Қазақстандықтардың 89 пайызы мерекені дәстүрлі түрде үйде, отбасылық ортада қарсы алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл олардың отбасы құндылықтарына берік екенін және жаңа жылды дастарқан басында қарсы алу дәстүрін сақтайтынын көрсетеді.