«Әдемі-ай» компаниясының директоры Баһаргүл Төлегенқызының ұстанымы осындай. Компания Алматыдағы «Forum» сауда үйінде ұлттық киімдер мен қазақы нақыштағы кәдесыйлар сататын тағы бір дүкен ашты. Оның өнімдері 20 жылдан бері халыққа кеңінен танымал. Қазір Астана, Ақтау, Орал сияқты бірнеше қалада өз тауарларын ұсынып отыр.
«Әдемі-ай» қазір брендке айналған. Халыққа ұлттық нақыштағы ерекше жасалған кәдесыйлар мен сыйлықтар ұсынады. Ал компания үшін Алматының орны бөлек. Себебі кәсіпкер Баһаргүл Төлегенқызы ең алғашқы дүкенін осы қаладан ашқан. Кейіннен үлкен компанияға айналды. Өнімнің түрін көбейтіп, сатылымға ұлтық киімдер мен зергерлік бұйымдар шығарған.
Баһаргүл Төлегенқызы, «Әдемі-ай» компаниясының директоры:
- Қазақ халқының тарихына байланысты кәдесыйлар түр-түрін шығарған болатынбыз. Кәдесыйлардың түрі өте көп. Қабырғаға арналған. Үстел үстіне арналған. Фарфоровый ыдыс-аяқтар жиынтығы, картиналар топтамасы , галстуктар, шарфтар деп мыңнан артық кәдесый бұйымдарын шығарғанбыз.
Баһаргүл Төлегенқызы халқымыздың дәстүрі, мәдениеті, тарихын насихаттауды көздейді. Осы бағытта «Әдемі-ай» этнографиялық журналы жарық көрді. Оған қоса мыңнан аса жәдігер сақталған жеке музейі жұмыс істеп тұр. «Ұлт жауһарлары» фотоальбомы мен «Қазақ қызымын» кітабы да көпшілікке жақсы таныс.
Қарлығаш Табылдинова, қала тұрғыны:
- Ұлттық дәстүрімізді, ұлттық жәдігерлерімізді насихаттайтын компания деп есептеймін. Осы Баһаргүл ханым осыған орасан зор еңбек сіңіріп келе жатыр. Мен өзім отабысымызбен 20 жылдай тұтынушымыз.
«Әдемі-айдың» жоспары ауқымды. Биылдың өзінде 3 дүкен ашты. Келесі жылы тағы 3 сауда нүктесін іске қосуды көздеп отыр. Сан ғасырлық ғұрпымызға қайтадан жан бітіріп, замана тілінде сөйлеткен ұжымның мақсаты осындай.
Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев