Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық маңызы бар 119 кітапты сатып алып, оны 140 мың данамен басып шығарып, көпшілікке қолжетімді республикалық, облыстық және аудандық кітапханаларға таратқан. Олардың арасында Есенғали Раушанов, Төлен Әбдік, Фариза Оңғарсынова сынды ақын-жазушылардың және жас қаламгерлердің туындысы бар. Бұған қоса, танымал тұлғалардың бұрын-сонды еш жерде жарық көрмеген 61 қолжазбасы сатып алынған. Олар биыл басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Өткен жылдың тағы бір айтулы оқиғасы – Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық кітап күні аталып өткен еді.
Роллан Құспан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары:
- 23-сәуір күні тұңғыш рет «Ұлттық кітап күні» атап өтілді. Жыл сайын осы мерекені атап өтетін боламыз. Бұл кітап күнін белгілеудің бірінші мақсаты – жалпы халық арасында бірінші кезекте кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Яғни, «Артық білім – кітапта»,-деп Абай атамыз айтқандай осы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы біз баспалардың да, қаламгердердің де қаламына шабыт бітіріп, баспалардың да сапалы кітап басуларына маңыз бөліп отырмыз.