Бүгінгі киноның беталысы қалай?

  • 12
  • 30.12.2025, 18:40

Биыл қазақ кинематографиясы үшін айтулы жыл болды. Заңнамалық деңгейде киноны мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30% «Қазақфильм» киностудиясына бағытталатын тетік енгізілді. Бұл шешім ұлттық киностудияның қызметін тұрақтандырып, қаржылық дербестігін нығайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде «Қазақфильм» соңғы жеті жылда алғаш рет шығынға батқан мекемеден өзін-өзі қаржыландыратын ұйымға айналды. Жалпы 2025 жыл отандық кино өндірісі үшін қандай өзгерістер мен жетістіктер әкелді?  

Қазақ кинематографиясы жыл сайын жаңа белеске көтеріліп келеді. Мәселен, елімізде алғаш рет саяси триллер жанрында сериал түсіріліп, ТМД кеңістігінде кең таралған платформада жоғары рейтингке қол жеткізді. Жоба үздік үштіктер қатарында. Ал сериалдың визуалдық бояуын Голливудтың танымал продюсері әрі колористі Джефф Уолл жасаған. Ол бұған дейін әлемге әйгілі «Титаник», «Мстители», Shrek, Marvel, Disney жобалары мен «Гарри Поттер» франшизасының алғашқы бөлімін бояған. 

Нұртілеу Амангелді, креативті студияның бас продюсері:

-Ол кісі біздің продюсер болғандықтан, біз осындай мақсат қойдық. Сол кісінің продюсерлігі арқылы актерлік құрамды тартып, жобаны Америка және басқа да шетелдік платформаларға шығара алатын деңгейде болуымыз керек деген мақсатпен. Шетелге сатылғаннан кейін түскен қаражат Қазақстанға келеді.  

Соңғы үш жылда Қазақстанда кино өнері қарқынды дамып келеді. 2022 жылы отандық фильмдердің үлесі 14,6% болса, екі жыл бұрын 19,7%-ға, ал былтыр 22,9%-ға жетті. Ал елде фильм өндіретін шамамен 300 киностудия мен продюсерлік компания жұмыс істейді, ал мемлекеттік киностудия тек біреу, ол – Қазақфильм.

Ғани Мұратов, ҚР МАМ Мәдениет комитеті басқармасының басшысы:

-Мемлекет басшысына кино саласын бөлек экономикалық индустрия ретінде қалыптастыру тапсырмасы берілген болатын. Бұл бағытта қазір үлкен реформалар жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – заңға өзгерістер енгізу және мемлекеттік қолдау тетіктерін арттыру. 

Соңғы бес жылда мемлекеттік киностудия бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 12 толықметражды көркем фильм, 9 деректі, 7 қысқаметражды фильм, 2 толықметражды және 43 анимациялық жобаны жүзеге асырған. Ал 2023 жылы ұлттық киностудия арқылы қолдау тапқан «Қайтадан» фильмі қалың көрермен назарына ұсынылып 1 миллиард теңге табыс әкелген.

Күләш Жұмаханова, «Қазақфильм» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:

-Қазақфильмнің негізгі миссиясы – коммерциялық жоба жасау емес, ұлттық киноның имиджін қалыптастыру. Тарихымызды, әлеуметтік тақырыптағы фильмдерді түсіру және бүкіл әлемдік аудиторияға Қазақстанды таныту. 

2019 жылы Қазақстанда «Кинематография туралы» жеке заң қабылданған болатын. Биыл бұл құжатқа бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Дегенмен сала мамандары креативті индустриядағы ең өзекті мәселе салықтық жүктемені жеңілдету қажеттігін алға тартады.

Режиссер Жандос Құсайыновтың айтуынша, қазақ киносының көркемдік сценарий деңгейінде айтарлықтай мәселе жоқ. Алайда қаржылық, әкімшілік және әлеуметтік түйткілдерден бөлек салада кәсіби маман тапшылығы сезіледі дейді.

Жандос Құсайынов, режиссёр:

-Көрермен өтірік түсірілген, ат үсті жасалған дүниені сезеді, бірақ дөп баса алмайды, себебі ол маман емес. Бір адам бес жыл оқу оқып, актерлік өнердің майын ішеді, бірақ сол бес жылдық оқуды кинода көре алмай, жұмыссыз қалады. Сол кезде кім Инстаграмда танымал, кім TikTok-та, кімнің беті жылтыр – солар шығып кетіп жатады.

Президент зорлық-зомбылық пен қылмысты насихаттайтын фильмдерді кинотеатрға шығармастан бұрын алдын ала сүзгіден өткізу қажеттігін атап өтті. Кино көрерменді күлдірумен шектелмей, ой салып, тәрбиелік мәнге ие болғанда ғана өз миссиясын толық атқарады.

Диана Қадыр, Дархан Күнтуов