Астанада «Халық сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының иегерлері марапатталды. Биыл 15-ші рет ұйымдастырылған іс-шарада үміткерлер 11 номинация бойынша сынға түскен. Халық өз сүйіктісін екі кезеңнен тұратын дауыс беру арқылы анықтады.
«Жыл ғалымы» аталымын Күнсұлу Закарья иеленсе, Болат Аманқұлов «Үздік мұғалім» атанды. «Жылдың үздік спортшысы – 2025» жылғы әлем чемпионатын жеңген Наталья Богданова, ал параспортшысы ретінде Қуаныш Асқарбеков марапатталды. Ғаламтор қолданушылары «Жылдың медиа-тұлғасы» аталымына Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовты лайық деп таныды. Сондай-ақ жылдың «Үздік тележүргізушісі» номинациясы бойынша әріптесіміз, «Хабар» арнасының редактор-жүргізушісі Сағыныш Әбікеева жеңімпаз атанды.
Сағыныш Әбікеева, «Хабар» телеарнасының редактор-жүргізушісі:
- Жылдар бойғы еңбектің еленгендігі, өз ісіңе деген адалдық, махаббат, оны сүйіп орындау осындай жеңісті күндерге жетелейтіндігіне тағы да көзім жетіп отыр. Халықтың сүйіктісі атанып, халықтың таңдауына ие болған барлық адамдарды шын жүректен құттықтаймын.