Ұлт театрына 100 жыл! Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бір ғасыр жасады. Театр шымылдығы 1926 жылы «Еңлік – Кебек» спектаклімен ашылған еді. Содан бері қойылым сахнадан түскен емес. Жылдар бойы тарихи дәстүр жалғасын тауып келеді. Өнер ордасының мерейтойына орай Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясын қайта сахналады. Оған қоса, халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.
Ғасырлық мерейтой тек театр үшін емес, жалпы қазақ елі үшін үлкен рухани мереке. «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысушылар осылай дейді. Жиынға қоғам және өнер қайраткерлері қатысты. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнер ұжымын театрдың мерейтойымен құттықтап, хат жолдады.
Еркін Жуасбек, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры:
- Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойына орай театрдың туған күні 13 қаңтарда өтіп жатқан конференцияның ашылумен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ ұлттық драма театры – ұлттық болмыс пен заманауи ізденістерді ұштастырып, дәстүр мен жаңашылдықты қатар дамытқан бірегей мәдени институт.
Театр тұтас ұлттың темірқазығына айналды. «Еңлік – Кебек», «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» секілді халқымыздың рухани өзегіне айналған жауһар туындылар қойылды. Театрдың негізін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков сынды тұлғалардың аманатын кейінгі буын лайықты жалғастырып келеді.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі:
- Бұл театрға көптеген ұлт зиялылыры қызмет етті. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов солардың бәрі еңбек етті. Алғашқы режиссер болып Жұмат Шанин атамыз еңбек етті. Бұл театрға Асқар Тоқпанов деген атамыз режиссер болып келген. Біздің театр ылғи да үлкен- үлкен сүйекті спектакльдер қояды.
Театр 1926 жылы Қызылорда қаласында ашылды. Екі жылдан соң Алматыға көшірілді. Кейін академиялық театр мәртебесін алды. Ал 1961 жылдан бері Мұхтар Әуезовтің есімімен аталады. Қара шаңырақтың ұлттық мәртебесі және бар.
Дулыға Ақмолда, Қазақстанның халық әртісі:
- Әуезов театрына 67- маусымда келгенмін. Яғни биыл 33-ші жыл болды осы театрда жұмыс істеп жатқаныма. Біраз режиссермен азды-көпті жұмыс істедік. Біраз рөлдерді ойнадық. Өз басымның актер болып қалыптасуыма осы Әуезов театрының тікелей көмегі болды.
Конференция аясында «Ғасыр жасаған ұлт театры» деген атпен көрме қойылды. Келушілерге 100 фотосурет ұсынылды. Бүгінде театрдың музей қорында 200 мыңнан аса жәдігер сақталған. Оның қатарында сахналық киімдер, афишалар, бағдарлама, театр майталмандарының жеке заттары мен фотосуреттері бар.
Наргиз Тамабекқызы, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің басшысы:
- Көрмедегі суреттердің өзінің бәрінің түпнұсқасы театр музей қорында сақтаулы .Сонау 30 жылдардан бастап барлығы бар деп біз қазір мақтана айтамыз. Қазақстанда театр музейлерінің қоры жоқ. Әуезов театрында өзіміздің қорымызбен бірге музейіміз бар.
Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясы сахналанды. Бұған дейін Еңлік пен Кебекті қазақтың маңдайына біткен талантты жандар ойнады. Әр дәуірдің актерлік өрнегі әртүрлі болғанымен, өнер – ортақ. Бұл жолы басты рөлдерді Ғалым Амангелдіұлы мен Мақпал Қасенова сомдады.
Айта кетейік, қазір Қазақ ұлттық драма театры қайта жөндеудеуден өтіп жатыр.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев