Бұқар жырау музейі жәдігерлерді цифрлық форматта жаңғыртты

  • 20
  • 22.01.2026, 21:53

Павлодар облысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жәдігерлерді цифрлық форматта жаңғыртты. Енді музей қонақтары тарихи тұлғалардың «жанды» дауысын естіп, музейдің төл туындысы саналатын қысқаметражды анимациялық фильмді тамашалай алады. Музейдегі тың жаңалықтармен тілшіміз Қарлығаш Қасиетова танысып қайтты. 

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің  қызметкерлері заманауи технологиялардың көмегімен тарихи жәдігерлерге жан бітірді. Бұқар бабаның өсиет-нақылдары көрермен назарына голограмма форматында ұсынылды.

Ал «Бала мен бүркіт» анимациялық фильмі – музейдің төл туындысы. Бұл жоба жасанды интеллектке емес, шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегіне негізделген. Ұзақтығы бір минуттық танымдық мультфильмді әзірлеуге бір жарым ай уақыт жұмсалыпты. 

Қасиет Мұхтаров, Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі балалар секторының басшысы:

-Біз ол мультфильмді балаларды музейге қызықтыру үшін жасадық. Мысалы, ол мультфильмді қазір неше түрлі мекемелерде көрсетеміз, мектептер болсын, балабақшалар болсын. Ол мультфильм балалардың ішіндегі ұлттық кодты оятады, қазақилықты оятады


Мәдени мұралар мен құнды жәдігерлер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшірілуде. Музей қызметкерлері сирек жазбалардың сиясы өшіп, қағазы тозып кетпей тұрғанда жүйелеп сақтауды мақсат етіп отыр. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде 150-ге жуық сирек жазба цифрлық форматқа көшірілді.

Абзал Рымбек, Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы:

-Біздің өңірлік жерлестеріміз жаңағы өнер қайраткерлері, Жабай Тоғандықов, Қали Байжанов, Иса Байзақовтың дауысы, сол сияқты Жаяу Мұсаның ұлы Салықтың дауыстары, солардың орындауындағы әндер, күйлер және өздерінің береген сұқбаттары сол бір ескі жүйеде, яғни бейнекасетада, үн таспада сақталған


Менің қолымдағы мына шағын кітапша осы музейге келген қонақтарға тарту ретінде жасалған екен. Мұнда тарихи нысанның сыртқы келбеті, ішіндегі залдар және музейдің тарихы туралы ақпарат бар және де ең соңғы бетінде QR-код көрсетілген. Осы QR-код арқылы музейдегі құнды жәдігерлер туралы және де олардың тарихы жайында деректі фильмдерді тамашалауға болады.

Бұл мәдени мұраны сақтаудың тиімді тәсілі ғана емес, сарқылмас рухани қазынаны келешек ұрпаққа жеткізудің заманауи жолы. Бір жылда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне 50 мыңға жуық адам келеді.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев