Өмірін өнермен өрнектеген тұлға. Елге танымал актёр әрі режиссёр Балтабай Сейітмамытұлы туралы әріптестері осылай дейді. Расында ол саналы ғұмырын театр мен кино өнерін дамытуға арнады. Актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 76 жасқа қараған шағында көз жұмды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның ұлттық сахна өнеріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Балтабай Сейітмамытұлы 50-ге жуық фильмге түсіп, театр сахнасында 60-тан аса жарқын образды сомдады. Көрерменнің жүрегінде көбіне жағымды образымен жатталып қалды. Өнер иесі «Ғашықтарда» Амантайды, «Менің құрдастарымда» Рахметті, «Даулы түнгі думанда» Тизейді, «Абай» спектаклінде Айдарды тамаша ойнады. Режиссёр және кино актёрі ретінде де көпке танылды. «Өлместің оралуында» Әнуар, «Абай» фильмінде Базаралы сияқты көптеген рөлдері өнердегі төлқұжаты болды.
Дулыға Ақмолда, Қазақстанның халық әртісі:
- Балтабай ағамен театр сахнасында сахналас болмасам да, кинода, өмірде біраз жол серіктес болдым. «Махамбет» фильмінде бірге жүрдік. Одан кейін мынау режиссёр Мұрат Бидосовтың бірталай фильмдерінде екеуміз партнер болдық. «Тар заман» деген фильмде. Жүрген жерінде ол кісі жалпы жастарға көрген-білгенін, өмірден түйгенін, өсиет қылып айтып отырғанды жақсы көретін.
Балтабай Сейітмамытұлы 1950 жылы Алматы облысының Қастек ауылында дүниеге келген. Өнер жолын таңдауына себепкер болған - Шәкен Айманов. Даңқты режиссер ауылының маңына кино түсіруге барғанда Балтабай Сейітмамытұлы 8-сыныпта оқитын. «Өнердің, киноның не екенін сонда көрдім. Шәкен ағамен шахмат ойнап, домбырасын тарттым. Сол кісілердің ықпалымен өнерге келдім», - деген еді сұхбатында. Ол киелі өнер жолында тынбай еңбек етті. Елге шоқтығы биік образдарымен танылды. Талантын мойындатты. Ізін жалғайтын шәкірт те тәрбиеледі. Қазір Балтабай Сейітмамытұлының шәкірттері кино және театр сахнасында өнер көрсетіп жүр.
Бақыт Тушаев, Мемлекеттік Қуыршақ театры директорының орынбасары:
- Ол кісімен бірге сахналас болдық, «Қорқыт» спектаклінде Қорқытты ойнады. Одан кейін басқа қойылымдарда ойнады. Актерліктің әбден шыңына жетіп болып, туған шағында осы режиссерлікті қолға алды. Мүсірепов театрына біршама 6-7 қойылым қойды. Сол біраз қойылымдарында басты рөлде ойнадық. Оның ішінде жаңағы Байжиевтің «Жекпе-жегін», өзбек драматургы Хушвактовтың «Қызыл алмасын» қойды.
Әсет Иманғалиев, актёр:
- Осы сахнада өмір сүруіме, сахнада үйренуіме ол кісінің үлкен септігі тиді. «Бұлбұлдар үні» деген қойылымда бірге ойнадым және ол кісі режиссерлік еткен спектакльдердің ішінде «Сағым қуғандар» дегенде басты рөлде және «Мен ұмытылмаймын» деген атпен қойған Мұқағали Мақатаевтің қойылымында Мұқағалиді ойнадым, сол кісінің режиссерлігімен.
Шәкірттері мен әріптестері оның батыр тұлғалы болмысы қандай биік болса, азаматтығы да сондай жоғары, адал адам болғандығын айтады. «Талапшыл, мінезі тік болғанымен жүрегі өте нәзік жан еді», - деп еске алады. Балтабай Сейітмамытұлының сахналық бейнелері өзі еңбек еткен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына енді.
Марқұмның жаназасы Алматы қаласының іргесіндегі Тұздыбастау ауылында оқылады.