Кәріс баласы қазақ күйін насихаттап жүр

  • 782
  • 18.02.2026, 21:57

Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын корей ұлтының өкілі Марк Ли 60-тан аса күй біледі. Қазақтың төл өнерін дәріптеп, қос ішекті аспапты жанына серік еткен жас дарын талай дүбірлі додаларда топ жарып, өзін танытып үлгірген. Марк Лидің ендігі арманы – күй өнерін шетелерде кеңірек насихаттау.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Махамбет Өтемісұлының «Жорық» күйі. Күрделі, классикалық шығарманы орындаушы кәріс баласы Марк Ли.Қазақтың қара домбырасын әбден меңгеріп алған Марк 60-тан астам күй біледі. «Бірақ солардың ішінде осы Махамбеттің «Жорық» күйін жаныма жақын көремін», - дейді.

Марк Ли, Рудный музыкалық колледжінің студенті:

- Махамбет бабамыздың күйлері өте рухты, адам бойына қайрат, жігер береді. Сол үшін жаныма қатты өте жақын болып келеді. Махамбет бабамыздың күйлерінің ішінде менің репертураымда «Жорық», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» атты күйлері бар.

Марк Ли домбыра тартуды нағашы атасынан үйреніпті. Одан кейін музыкалық мектепте, бүгінде колледждің «Қазақ халық аспаптар» бөлімінде шеберлігін шыңдап жүр. Бала кезінен аяқ алысын бақылап жүрген ұстазы Мұрат Хамитовтың айтуынша, қазір Марк күй орындау техникасына ғана емес, оның мазмұны мен тарихына аса мән береді.

Мұрат Хамитов, домбыра пәнінің мұғалімі:

- Баланың күйге деген икемі жастайынан көрінді. Қазір енді есейген соң балада философиялық жағынан күйге кішкене көзқарасы басқа. Бұрын техникалық жағынан жақсы болса, қазір күйлердің мән-мағынасын түсініп ойнайды. Күйдің иірімдерін әдемілеп ойнағанда марқайып қаласың.

Қазір Марк Ли музыкалық колледж ішінен құрылған «Қазақ халық асапаптар» ансамбілінің мүшесі. Жеке күйшілік-орындаушылық қабілетін жетілдіруден де жалыққан емес. Жақында Атырауда өтетін республикалық күй сайысына қызу дайындық үстінде.  

Марк Ли, Рудный музыкалық колледжінің студенті:

- Алдағы арманым, мақсатым – біздің қазақ күйлерін, әндерін, жырларын шетелдерге де танымал еткім келеді. 

Таяуда Рудный қаласында болған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, күйші Айгүл Үлкенбаева Марктың өнерін жоғары бағалап, өз класына қабылдауға әзір екенін білдіріпті.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг