Алматыда ескі киноафишалардың көрмесі ашылды

  • 221
  • 24.02.2026, 21:52

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде ескі киноафишалардың көрмесі ашылды. Сирек жәдігерлердің қатарында қазақ киносының тарихындағы алғашқы толықметражды дыбыстық көркем фильм – «Аманкелдінің» жарнамасы да бар. Құнды афишалардың барлығы актёр Меңтай Өтепбергеновтің жеке қорынан алынған. Көрмеге сирек кинокамералар да қойылды. 

Көрмеге қойылған афишалар қазақ киносының шежіресі іспетті. Мұнда «Аманкелдіден» бастап, «Балалықтың кермек дәмі», «Қыз Жібек», «Шоқан Уәлиханов» секілді туындылардың плакаттары бар. Кеңес киностудияларының, үнді фильмдері мен америкалық вестерндердің жарнамаларын да кезіктіресіз. Барлығы түпнұсқа. Құнды жәдігерлердің бірі жүзжылдық тарихы бар – 16 миллиметрлік неміс кинокамерасы. Бұл коллекцияны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов қырық жылдан аса жинаған. Көрме актердің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. 

Ажар Төлеубаева, М. Өтепбергеновтың келіні:

- Осы мұражайға біз 200-ден астам киноафиша әкелдік. Барлығы түпнұсқа. Атам 1930 жылдан бастап осындай плакаттар және совет фильм журналдар, Советтік экран журналдары және атамыз 40 жыл бойы ашықхаттар жинаған. Қазақстан киносы туралы, үнді киносы туралы, қытай киносы туралы. 

Актёр Меңтай Өтепбергенов көзі тірісінде 60-тан аса фильмге түсті. 1998 жылы Канн кинофестивалінде «Пошталық маркалардағы киноның әлемдік каталогы» атты кітабын таныстырды. Бүгінде афишалар маркетингтің бір құралы болса, бұрын ол тұтас өнер туындысы саналған. Суретшілер көрермен тарту үшін айшықты, қайталанбас суреттер салған. 

Іс-шара барысында отандық кино өнерінің майталманы, Қазақ КСР-інің халық әртісі Қаукен Кенжетаевтың рухына да тағзым етілді. Оның еңбегі қазақ киносының алтын қорынан лайықты орын алады. Биыл актёрдің туғанына 110 жыл. Соған орай сирек архивтік фотосуреттері енгізілген кітаптың тұсаукесері өтті.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл кісілерлің әрқайсысы қазақтың өнерінің тарихы, қазақтың келешегінің бағыт-бағдары десем де болады. Осы кісілермен қатар жүріп көп нәрсені бойымызға сіңірдік. Бұл кісілердің бойындағы сабырлылық, біріншіден, ұлтына деген сүйіспеншілік, сөзге деген үлкен бұл кісілердің ыждағаттылығы. Осының барлығы бізге үлкен мектеп болды. 

Іс-шара аясында Кәукен Кенжетаев пен Меңтай Өтепбергенов бірге түскен «Жұлдызыңды сақта» және «Ғажайып тілектер мен үміттер әлемі» фильмдері көпшілік назарына ұсынылды. Көне афишалар көрмесі бір айға ұласады.

Аршын Кемемелжан, Кенже Амраев