Алматыда Ж. Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Ата толғауы» кеші өтті

  • 14
  • 27.02.2026, 21:50

Биыл қазақтың ұлы ақыны, жыраулық пен айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Осыған орай Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Ата толғауы» атты салтанатты кеш өтті. Мерейтойлық іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды. «Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз» делінген құттықтау хатта.

Салтанатты кеште Жамбыл шығармалары мен жыр алыбына арналған вокалдық және аспаптық туындылар орындалды.

Нұрғиса Дәуешов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры:

- Мақсат – Жамбыл бабамыз қалдырған мұраны және оның өнердегі шәкірттері қалдырған мұрасын насихаттау. Ең бастысы – мерейтой аясында руханиятымызда ерекше орны бар алып тұлғаның қазақ елінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау.