Елімізде 19 наурыздан бастап «Ерекше» атты жаңа көркем фильм көрерменге жол тартады. Астанада туындының жабық көрсетілімі өтті. Шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы қатысты. Шығармашылық ұжымға жемісті жұмысы үшін алғыс білдіріп, алдағы жобаларға сәттілік тіледі. Туынды тағдырдың сынағына тап болған жанның арманы мен мақсатына жету жолындағы ерік-жігері туралы оқиғалармен өріледі. Паралимпиадалық спорт тақырыбымен қатар мейірімділік, төзімділік, қамқорлық, шынайы махаббат сияқты құндылықтарды дәріптейді. Фильмдегі басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда инклюзивті қоғам құруға үлкен мән берілуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назар аударып, осы мәселелрді көтеріп, тиісті тапсырмалар беріп, осы бағыттарда үлкен жұмыстар жасалуда. Осы бағыттағы ең үлкен мәселелердің бірі – қоғамның бұл тақырыптарға деген көзқарасын өзгертіп, жаңа ұстанымдар мен түсініктердің пайда болулына үлес қосу. Сол себепті бүгінгі туынды осы бағытта маңызды рөл атқарады деп сенеміз.