Түркістанда шеберлердің ұлттық бұйымдарына тапсырыс көбейді

  • 18
  • 13.03.2026, 21:47

Наурыз мейрамы қарсаңында он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы дүниелерге сұраныс артқан. Түркістандағы қолөнершілер қалашығындағы шеберлер тері мен темірден, жүн мен киізден, тоқыма мен керамикадан жасалған бұйымдарға тапсырыс берушілер көп екенін айтады.

Сұлтанғали Темірұлы 12 жылдан бері ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген бұйымдар жасайды. Күміспен көмкеріліп, ақық тастармен әшекейленген алқа, сырға, білезіктері көздің жауын алады. Шебер қазір ұлттық бұйым тағу, ұлттық киім кию сәнге айналғанын, әсіресе мейрам қарсаңында тапсырыс көбейетінін айтады.

Сұлтанғали Темірұлы, зергер:

-Наурыз айы келгенде тапсырыс бұрынғыдан екі есе көбейеді. Өзіміздің ұлттық би-билейтін бишілерімізден де тапсырыс түсіп, солардың әшекейлерін, билегенде көрсететін көріністеріне қатысты бұйымдарын да жасап жатырмыз. 

Ертұрман жасайтын Жанболат Сүйінбайды атқұмар қазақтың бәрі біледі. Оның ат әбзелдері көршілес елдерде де сұранысқа ие. Шебер былғарыдан да ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Қазір кәдесый ретінде тайқазанды қыштан құйып шығарып жатыр.

Жанболат Сүйінбай, шебер:

-Сапасы мықты болса, әдемі, керемет болса, сұраныс өте үлкен. Қарапайым тайқазандар үлкен сұранысқа ие. Солардың өзі Өзбекстаннан, Қытайдан келетін. Биылдан бастап біз өзіміз дамытып, тайқазандарды шығарып жатырмыз. 

Ал Мереке Айдарша кілем тоқуды бала кезінен үйренген. «Ол кезде ауылдағы әрбір екінші үйде кілем тоқылып жататын»,- дейді қолөнерші. Кейін сәндік қолданбалы өнер бұйымдары мамандығын бітірген соң, бұл кәсіппен шындап айналысқан. Кілем тоқудан бөлек, киіз басып, сырмақ тігеді.

Мереке Айдарша, кілем тоқушы:

-Қазір мынау тоқып жатқан кілем «Араб кілемі» деп аталады. Қадалып отыратын болсам, 2 айда бітіруге болады.

Түркістан облысында 130-дан астам шебер бар. Шеберлерге Қолөнершілер қалашығынан арнайы орын берілген. Мұнда киіз, жүн түту, тоқыма, керамика, ағаш және былғары тері, кілем тоқу мен басқұрлар шеберханасы жұмыс істейді.

Қолөнершілер қалашығында қазір 20-дан астам темірден түйін түйген шебер мен зергер, ағаштан ою өрген ұсталар ұлттық өнерімізді ұлықтап, оны көпшілікке танытуға күш салуда. Шеберлер мұнда ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Қалаға келетін туристер мен қонақтарға ұлтымыздың бай мәдени мұрасы мен тарихын, салт-дәстүрін насихаттап жүр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов