Елімізде «Амал – Көрісу күні» мерекесі тойлана бастады. Наурыз мейрамы қарсаңындағы игі дәстүрді алдымен елдің батысы атап өтуде. Бүгін маңғыстаулықтар «Отпан-тау» тарихи мәдени кешеніне жиналып, алыстан келген ағайынды құшақ жая қарсы алды. Мерекелік шаралар Ақтөбе және елорда да ұйымдастырылды.
Маңғыстаулықтар «Амал - Көрісу күні» мерекесін 13 наурыздан бастап тойлайды. Көпшілік биыл игі дәстүрінен жаңылған жоқ. Ақтаудан 150 шақырым жердегі «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде бас қосты. «Қарашаңырақ» алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыс-жақыннан келген ағайын құшақ жая көрісті. Наурыз көжеден дәм татып, ақжаулықты аналардың өнер байқауын тамашалады. Сайыста халық әндері шырқалып, ұлттық дәстүріміз кеңінен дәріптелді. Атап өтерлігі, Маңғыстауда Амал мейрамы соңғы жылдары халықаралық деңгейде өтіп жүр. Бүгін бауырлас түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз елінен делегация келуі дәстүрлі мереке маңызын арттыра түсті.
Зағира Аманкелдіқызы, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
-Бұрын біз бала кезімізде үй-үйді көрісіп, Амал мерекесін қарсы алатынбыз. Енді қазір мына Отпан тауға келіп, ата-бабамыз жаугершілікті Отпан тауға келіп, от жаққан ғой. Оны бүкіл Маңғыстау көретін болған. Сол үрдіске байланысты бұрынғы дәстүрді жаңғыртып, осы жерде Амал мерекесін тойлау жылдан жылға жалғасып келе жатыр.
Астанада да амал мерекесіне арналған іс-шаралар басталып кетті. Ұлттық музейдің ұйымдастыруымен көрісу күнінің тарихи және мәдени маңызын насихаттауға арналған көрініс қойылды. Онда қазақ халқының бата беру, қол алысып амандасу, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту секілді ұлттық салт-дәстүрі паш етілді. Сондай-ақ ежелгі әндер шырқалып, абыз ата мен ақжаулықты аналар амал меркесінің мәнін айтып берді. Шара наурызнама онкүндігінің аясында өтті.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музей директоры:
-Бұның ең бастысы өзіміздің дәстүрді жаңғырту. Сонымен қатар біздің ұлттық құндылықтарға көп тәрбиелік мәні бар.
Амал мерекесі Ақтөбеде де тойлана бастады. Бүгін кимешек киген әжелер «Қамажай» әнін шырқап, көше аралады. Оларға ақ жаулықты аналар мен қылықты қыздар қосылды. Ән айтып би билеп, мерекенің сәнін келтірді.
Талжібек Абашева, қала тұрғыны:
-Бастама өте керемет болды. Бұл деген қазақтың ұлттық дәстүрін марапаттағаны, соны жалғастырғаны. Жастарға үлкен өнеге. Біздің еліміз аман болып, биіктен көріне берпейік. Биік белестерді жастар бағындыра берсін.
Көктемнің бастауы мен халықтың бірлігін, сыйластығын беки түсетін мерекенің мән-маңызы ерекше.
Әнуарбек Мырзатаұлы, Аян Сәрсенбай