Өнерде де, өмірде де бірге: Жамбыл облысының шығармашылық отбасылары

  • 8
  • 17.03.2026, 21:43

Жамбыл облысында өнерде жүріп шаңырақ көтерген отбасылар көп. Мәселен, бір ғана облыстық филармонияда 20 жанұя еңбек етеді. Ал аймақтық театрда отбасылы 7 жұп бар. Олар өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Әбдрахмановтар отбасын шағын ғана ансамбль деп айтуға болады. Отағасы Наурызхан Жамбыл облыстық филармониясы оркестрінің бас домбырашысы болса, жұбайы Айман жетіген аспабында ойнайды. Өнер иелері 10 жыл бұрын отау құрған. Содан бері бір ұжымда еңбек етіп, бір сахнада жұптарын жазбай келеді. Әрқайсысы домбыра, фортепиано, жетіген, прима, шертер, гитара, баян сынды аспаптарды меңгерген. Қазір балаларын да өнерге баулып жүр.

Айман Шерметова, «Алатау» фольклорлық ансамблінің мүшесі:

-Бір ұжымда болғандықтан пайдасы өте мол. Түсінеміз. Мен ойнау барысында түсінбей жатқанымды жолдасым түсіндіреді. Отбасыда ең басты құндылық ол бір-бірімізді түсіну болып табылады біз үшін. Қандай жағдай болмасын көптеген қиыншылықтар да болады арасында, қызықшылықтар да болады. Бәрін бірге бөлісеміз. Қайда барсақ та бірге жүреміз.

Наурызхан Әбдрахманов, «Алатау» фольклорлық ансамблінің мүшесі:

-Қызым да сурет саласына жақын. Өзім кішкентайымнан домбыра тартқаннан кейін балам да домбыра тартқанын қаладым. Жалпы алдағы уақытта осы домбыра саласында домбыра маманы болып кетсе мен оған қарсы емеспін. Қайта қуанамын. Оған қолдау көрсетуге дайынмын.

Ұжымда Әбдрахмановтар отбасы ерекше құрметке ие. Әріптестері оларды өнерге адал, бір-біріне тірек бола білген жарасымды жұп ретінде таниды.

Дастан Амангелдіұлы, «Алатау» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

-Оркестрдің өзін алып қарайтын болсақ 3-4 отбасы бар. Бірге жұптарын жазбай жүреді. Өнерде де, өмірде де бірге жүреді. Өнер жолы деген өте қиын жол ғой. Сондықтан бір-бірлерінің қиыншылықтарын түсініп өмір сүруге де өздеріне жақсы болады.

Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрында да өмірлерін өнер тоғыстырған 7 жұп бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан мен Заринаның отбасы. Театр актерлары 12 жыл бұрын бас қосқан. Осы уақыт аралығында 40-тан аса спектакльде бірге ойнап, сахна мен өмірде жарасымды жұпқа айналды.

Нұрсұлтан Маханов Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының артисі:

-Әкем де менің музыкант аспапта ойнайды. Анам да аспапта ойнайды. Бірге жұмыс істеген. Бәлкім сол әке шешемді көріп өскеннен кейін бір-бірін қалай түсінетінін бір мамандықта жұмыс істейтін мамандарды көріп өскеннен кейін маған ол қорқынышты болмаған шығар. Бір жағы актер адамға жарының түсінгені жақсы. Мысалы, қандай рөлді ойнасаң да мен оны түсінем, ол мені түсінеді. Өйткені бұл жұмыс. Біз профессионалды түрде қараймыз.

Өнер мен өмірді қатар өрген мұндай отбасылар өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олар сахнада да, тұрмыста да бір-бірін қолдап, шығармашылық пен отбасы құндылықтарын қатар ұстанып отыр. Осындай отбасылар жастарға үлгі болып қала бермек.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә