Наурызнама онкүндігі аясында ел өңірлерінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған шаралар өтіп жатыр. Маңғыстауда ақ жаулықты аналар фестивалі ұйымдастырылды. Ал Шымкентте республикалық «Жарамазан Fest» байқауының шымылдығы түрілді. Қызылордалықтар да Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін ерекше форматта атап өтті.
«Адай ата – Отпан тау» кешенінде ақ жаулықты аналар фестивалі өтті. Танымдық байқауға Маңғыстаудың барлық аудан-қаласынан 10 ансамбль қатысты. Аналардың ең жасы 30-да, ал ең үлкені 80-нің сеңгіріне шыққан. Олар қазақ сазгерлерінің әндерін шырқап, ұршық иіріп, киіз үй жабдығын әзірлеуден сынға түсті. Бала тәрбиесі, әйелге және қоршаған ортаға қатысты ырым-тыйымдарды қойылым түрінде көрсетті. Әділ қазылар алқасы өнер ұжымдарын Ұмай, Зере, Бопай секілді қазақтың ұлы әйелдерінің есімімен атап, қаржылай сый-құрмет көрсетті.
Әсем Айтмұханбетова, байқауға қатысушы:
- «Әжелер» ансамблімен бірінші рет ән салуға келіп тұрмыз. «Ақтауым», сосын «Әсем әнім сырнайдай» деген 2 өлеңді алдық. Бұрын қыз ұзату деген қазақ дәстүрінде «Аушадияр» айтқан екен. Біз сол ескілік болып кеткен әнді айтамыз. Еске түсіреміз.
Ақмарал Зейілова, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры:
- Өнегелі отбасының ошағын ұстап отырған аналар. Бұл аналардың көбі зейнет жасындағылар. Белгілі бір уақыттарында мәдениет үйіне барып, аптасына 2-3 рет аптасына дайындықтарын жасап, тұрақты келіп, қалыптасқан ансамбльдер бұлар. 120-ға жуық ана қазір сахнаға шығып, өз өнерін көрсететін болады.
Шымкентте төл мәдениетімізді дәріптеу мақсатында «Жарамазан Fest» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Ғұрыптық жырларды жаңғыртуға бағытталған додаға Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарының үздік өнер ұжымдары қатысты. Байқау шартына сәйкес, жарамазан жырын орындау шеберлігімен қатар, шығарманың тәрбиелік мәні мен аймақтық нақышының сақталуына басымдық берілді.
Абылай Бөріханов, қазылар алқасының төрағасы, жыршы, термеші:
- Жарапазан – көнеден жаңаға, бабадан балаға жалғасын тауып келе жатқан дәстүріміздің өлең-жырмен, мақам-сазбен айтылатын құрылымы жөнінен өте күрделі жанрға жататын өнер. Бүгінгі қатысушыларымыздың бәрі үлкен дайындықпен келген.
Ал Қызылордада Наурызнаманың үшінші күні ауыл өнерпаздарының басын қосқан «Ұлт уызы» фестивалі өтті. Сыр өңірінің әр елді мекені өз жетістіктерін паш етті. Салт-дәстүр жаңғырып, ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды. Креативті кәсіпкерлер де қолөнер бұйымдарын жұртшылыққа ұсынды. Сонымен қатар аға буын өкілдері ши тоқу, құмыра жасау мен жүннен бұйым әзірлеудің қыр-сырын жастарға үйретті.
Феруза Оңталап, «Ана тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі:
- Әр ауылдан келген шаңырақтың өздерінің мәдени ерекшеліктерін заманауи форматта көрсету, ұсыну және де «Уызына жарыған ұлт – қуатты ұлт» деген ұғымның бірі осы фестивальдің басты мақсат-идеяларының бірі деп айтсақ болады.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Ұлттық құндылық – халықтың қазынасы, әрі оны келер ұрпаққа аманаттау – ортақ парыз. Шара барасында бірі ұмытыла бастаған салтты жаңғыртса, екіншісі ұлттық өнерді заманауи стильде паш етуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат та осы – ұлттық бірегейлікті сақтап, елдік рухты асқақтату.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев