Сенат депутаттары жаңа Конституцияны іске асыру аясында заңдар топтамасын қарап, мақұлдады. Сонымен қатар аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін жасырын немесе ашық дауыс беру арқылы сайлау бөлігінде мәслихаттардың құзыреті нақтыланды.
Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң мен Құрылтай және Халық Кеңесін құруға қатысты өзгерістер қаралды. Арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және тағы басқа мәселелер талқыланып, мақұлданды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мақұлданған заңдар жаңа Конституцияны іске асыруға бағытталған түзетулер топтамасын қамтып отыр. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға жаңа мемлекеттік билік институттарының құрылуына байланысты өзгерістер енгізілді. Сайлау процесстерін нақтылауды көздейтін нормалар да қарастырылды. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған прокуратураның қызметі қайта қаралып, Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі берілді. Ілеспе заңға қылмыстық және әкімшілік заңнаманы өзектендіруге арналған түзетулер енгізіліп отыр. Жалпы бұл нормалар конституциялық реформаның сапалы іске асырылуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Электр желілерінен қауіп бар
Отырыс барысында сенатор Бибігүл Жексенбай Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол жоғары кернеулі электр беру желілерінің базар, қойма, автотұрақтар сынды халық көп шоғырланатын жерлерде адам өміріне елеулі қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Депутат елордадағы базарларында біріндегі жағдайды мысалға келтірді және мұндай ахуал елдің көп өңірінде кездесетінін айтты.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мұның негізгі себептері – электр желілерінің күзет аймақтарының цифрлық карталарының толық болмауы. Жер телімдерін бөлу және құрылыс жүргізу кезіндегі бақылаудың жеткіліксіздігі. Сәулет, жер қатынастары, энергетика, санитариялық бақылау және төтенше жағдайлар органдары арасындағы үйлестірудің әлсіздігі. Заңнамалық нормалардың әртүрлі құқықтық актілерде шашыраңқы орналасуы, жауапкершілік тетіктерінің жеткіліксіздігі.